«Наурызнама» тұжырымдамасы аясында «Жанашыр жүрек» республикалық қайырымдылық акциясы Жетісу өңірінде де кеңінен атқарылуда. Қазіргі кезде акция аясында облыстың аудан-қалаларында жалпы саны 3 мыңнанастам отбасы қайырымдылық шараларымен қамтылып, оларға 33 млн. теңгенің көмегі көрсетілді, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Мәселен, Көксу ауданында демеушілер 20 баланың балабақшаға төленетін бір жылдық төлемін жасап берді.
Ал Қаратал ауданында азық-түлік көмегі ерекше қажеттіліктері бар 80 тұрғынға берілді. Қайырымдылық акциясына ауданның кәсіпкерлері мен осы игі іске бей-жай қарамайтын қарапайым тұрғындар белсенеқатысты.
Қайырымдылық шараларынан өңірдің еріктілері де шет қалған жоқ. Мысалы,«Мейірімді Жетісу» еріктілер фронт-офисі қайырымдылық қорымен бірлесіп Талдықорғанда және қалаға жақын аудандарда аз қамтылған отбасыларға 100 дана азық-түлік себетін таратты.
— «Қайырымдық күні» аясында біз қайырымдылық акциясын өткіздік. Біздің волонтерлік фронт-офис бұл жұмысты тұрақты түрде жүргізеді. Жыл басынан бері біз ардагерлер мен жалғызбасты қарт адамдарды қолдау үшін әлеуметтік, экологиялық акцияларды қосқанда жалпы саны 672 акция өткіздік. 100-ден астам көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға қайырымдылық қолдау көрсетілді.Наурыз мерекесі мұқтаждарға қамқорлық жасау мен бір-біріне қамқор болудың, қажет кезде көмек қолын созудың аса маңызды екенін есімізге салады. Бұл істе бізге меценаттар, қайырымдылық қорлары және басқа да жомарт пейілді азаматтар көмектесуде,-деді «Мейірімді Жетісу» волонтерлік фронт-офисінің басшысы Шырай Саматқызы.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметіне қарағанда, акция аясында әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылары, көп балалы аналар, жетім балалар, мүгедектігі бар азаматтар, көмекке мұқтаж зейнеткерлерге түрлі қайырымдылық көмектер жасалды.
Аталған санаттағы азаматтарға азық-түлік себеттері, қыстық отын қоры, ұсақ мал, дәрі-дәрмек, қаржылай көмек, мерекелік сыйлықтар беріліп, ауызашарлар, концерттер ұйымдастырылды, мерекелік шараларда көпшілікке Наурыз көже, ыстық бауырсақ, құрт-ірімшік ұсынылды.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.