Елімізде жаңа рекорд: Жетісу облысында бір мезгілде 336 баланың тұсауы кесілді

18

Жетісу облысында Наурыз мейрамының онкүндігі аясындағы Мәдениет және ұлттық салт-дәстүрлер күніне орай «Өмірге алғашқы қадам» атты тұсаукесер рәсімі өткізіліп, бір мезгілде 336 баланың тұсауы кесілді. Бұл рәсім Қазақстанның Рекордтар кітабына енгізілді, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Талдықорған қаласындағы шара «Жастар» Спорт сарайында облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың қатысуымен өтті. Мерекелік рәсім Қыдыр ата кейпіндегі қарияның көпке бата беруімен басталды.

Облыстың аудан-қалалары Спорт сарайындағы шараға бейнебайланыс арқылы қосылды. Осы күні Кербұлақ, Көксу, Қаратал, Ескелді, Алакөл, Сарқан аудандарында 30 баладан, Ақсу ауданы мен Текелі қаласында 20 баладан, сондай – ақ Талдықорған қаласында 80-нен астам бала – жалпы саны 336 баланың бір мезгілде тұсауы кесілді. Тұсаукесер рәсімін балалардың жолы ашық, қадамы нық, өмірі ұзақ болсын деген ниетпен көпке сыйлы ардагерлер, өнер қайраткерлері, қаламгерлер, журналистер, дәрігерлер, мемлекеттік қызметшілер, кәсіпкерлер, қоғамдық бірлестік өкілдері т.б. атқарды.

Шарада Рекордтарды тіркеу комиссиясының мүшесі Бақытжан Тастүлеков сөз алып:

— Елімізде үш жүзден астам баланың тұсауын бір мезгілде кесу алғаш рет Жетісу облысында өткізіліп отыр. Сондықтан бұл факт Қазақстанның рекордтар кітабына енгізілді, — деп осыны растайтын сертификат ұсынды.

Көп балалы ана, үшемдерді өмірге әкелген Сенбай Тұрсынбек те осы мерекеде сәбилерінің тұсауын кескізуге арнайы алып келді. Алғашқы қадамын  жасаған бүлдіршіндердің тұсауын білім беру саласының үздігі, 40 жылға жуық тәжірибесі бар инженер-педагог Әсет Жұмаділов кесті.

— Отбасында алты баламыз бар, тұңғышымыз Дарын 13 жаста, ол да бүгін менімен бірге келді. Күйеуім аспаз болып жұмыс істейді. Бүгін осы мереке күні үш кішкентайым — Дархан, Диана, Дарияның тұсауын кескіздім. Бұл рәсімнің дәл Наурыз күндерінде атқарылғанын жақсыға балап отырмын. Балаларымның алдағы болашақ жолы үшін жақсы бір белгі деп санаймын, — деді ол.

Осы күні Наурызбаевтар отбасы да қуанышқа кенеліп, 22 наурызда бір жасқа толатын кішкентай Инаяттың тұсауы кесілді:

— Тұңғыш баламыздың осындай мерекелік, салтанатты жағдайда алғашқы қадамын жасағанына қатты қуанып тұрмыз. Жастардың ұлттық дәстүрлерімізді сақтап, оны ұстануға белсенді қатысқанын қоштаймын, — дейді Инаяттың анасы Диана Әлімбек.

С. Луганский атындағы Талдықорған авиабазасының командирі, 10 жылдан астам ұшқыш қызметін атқарып келе жатқан капитан Айдос Досмұхамбетовтің отбасы да құттықтау тілектерін жеткізді:

— Үйленгенімізге 6 жыл болды, екі баламыз бар. Бүгін 11 айлық қызымыз Альсафидің тұсауын кестік. Бүгінгі шараға қатысқан балалардың бәріне құтты қадам тілейміз, жолдары ашық болсын. Наурыз мерекесімен барша халықты құттықтаймыз, — деді оның жұбайы Армангүл Төлеген.

Тағы бір қуаныш иесі:

— Үш баланың анасымын. Ұлым Бейбарыс, қызым Айкүнім және кіші ұлым Құнанбай бәріміз мұнда бірге келдік. Бүгін кіші баламның тұсауы кесілді. Біз отбасында дәстүр-салтымызды құрмет тұтамыз, ата — бабаларымыздың ұстанған тәлімді жолын жалғастыруға, тарихты білуге, мәдени мұраларымызды сақтауға ерекше көңіл бөлеміз. Бүгінгі шара да — сондай құрметтің бірі, — деді«ТАТЭК» АҚ инженері Әсел Мырзаханқызы.

Ал бұл күні Қаратал ауданында тұсауы кесілген 30 балаға байғазы ретінде қозы берілді.

Қуаныш әсерімен бөліскен көп балалы ана, «Алтын алқа» иегері Лида Жанбота:

— Біздің отбасымыз үшін бүгін қуаныш, қызымыз алғашқы қадамын жасады. Наурыз мерекесімен, Қасиетті Рамазан айымен тұспа-тұс келген жақсылыққа әулетіміз ерекше қуанып отыр. Ұйымдастырушыларға үлкен рахмет. Бүгін қызыма сыйға тартылған кішкентай қозысы енді өзімен бірге шапқылап ойнап өсетін болды, — деді ол.

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз