Амал күні келіпті, Наурыз басын тойлайтын

16

Күн мен түн теңелер   Наурыз мерекесін ата-бабаларымыз сан мыңдаған жылдардан бері атап өтіп келеді. Тіршілік атаулының  жаңа парағы ашылатын бұл кезең жуанның жіңішкеріп,  жіңішкенің үзілетін шағы. Салт-дәстүріміз кеңінен дәріптеліп, ұлттық ойындарымыз ұлықталатын мейрамды халқымыз  ерекше сән-салтанатымен өткізген. Наурыз мерекесінің қарсаңында бастау алатын Көрісу күнін Жетісу жұртшылығы айрықша атап өтті.

Мұны «Амал мерекесі» деп те атайды. Бұл күні адамдар таң ата салысымен  үй-үйді аралап, үлкендерге сәлем береді. Халық арасында: «Амал күні кімде-кім қырық үйдің есігін ашса, қырық адаммен көрісер болса, Құдай тағала күнәларын кешіріп, дұға-тілектерін қабыл етеді» деген  сенім бар. Көрісу — тек адамдардың бір-бірімен қауышып, жақсылық тілейтін мерекесі ғана емес, сонымен қатар, жастардың үлкендерге ізет көрсетіп, ақ батасына кенелетін күн. Аталмыш мереке аясында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен Халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен мерекелік шара өтті. Жиынға қатысқан Жетісу облысы әкімінің орынбасары Диас  Есдәулетов жиналған қауымды құттықтап, ізгі тілегін жеткізді. Айта кетейік, облысымызда биыл түрлі бағыттағы 240-қа жуық  іс-шара өткізіледі. Мысалы, Мәдениет және ұлттық дәстүр күні аясында Жетісу облысында алғаш рет бір мезгілде 300 баланың «тұсауын кесу» рәсімі атқарылады. «Шаңырақ» күнінде облыс орталығында 60 отбасы жаңа баспанаға ие болады. «Ұлттық киім күні» Талдықорғанның орталық алаңында ұлттық киімдер шеруі, сондай-ақ М.Тынышбаев атындағы тарихи-өлкетану мұражайында «Кимешек» көрмесі ұйымдастырылады. Оған қоса жалпы облыс бойынша түрлі челлендждер, кездесулер өткізіледі. «Ынтымақ күні» мерекесі «Наурыз керуені» ауқымды шеруімен айшықталады. Наурыз мерекесінің кең көлемде, жаппай бұқаралық сипатта атап өтілетін күні — 22 наурыз. Бұл басты мереке Талдықорған қаласының «Жастар» саябағында мерекеленіп, биылғы жылдың мерейтойлық даталарына арналған тақырыптық көрмелер қойылған 20-дан астам киіз үй тігіледі. Бұл жиындар ұлттық салт-дәстүрлерді жаңғыртуға, отбасылық құндылықтарды дәріптеу, экологиялық мәдениет қалыптастыруға, халық арасындағы достық байланысты нығайтуға оң ықпал етеді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз