Облыс орталығы Талдықорған қаласында Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамына дайындық басталып кетті. Наурызнама бойынша 10 күн тойланатын мейрам биыл да ерекше форматта тойланып, 100-ге жуық іс-шара ұйымдастырылмақ.
Алдағы Наурыз мейрамы 2025 мерекесіне арналған дайындықтар өте ауқымды және қызықты болмақ. Мереке аясында қала орталығы мен саябақтар арнайы безендірілетін болады. Бұл жұмыстар 10-14 наурыз аралығында жүзеге асырылады. Биылғы мереке орталық алаңда ерекше жаңа стильде өткізіледі. Қала тұрғындары мен қонақтары киіз үй, халық аспаптары және алтыбақандар түріндегі тақырыптық инсталляциялармен таныса алады. Бұл көріністер Наурыз мерекесінің жарқын әрі ұлттық мәнін ашпақ.
14-23 наурыз аралығында орталық алаңда қолөнершілер жәрмеңкесі ұйымдастырылып, қала тұрғындары мен қонақтары халық шеберлерінің туындыларымен танысып, өздеріне ұнаған бұйымдарды сатып ала алады.
Наурыз мейрамының ресми мерекелеу шаралары 22 наурызда басталады. Бұл күні «Жастар» спорт кешенінің аумағында көптеген қызықты шаралар өтеді. Мереке аумағында 21 киіз үй орнатылып, қазақтың дәстүрлері мен мәдениеті кеңінен таныстырылады. Мереке қонақтары наурыз көже мен бауырсақтан дәм татып, қолөнер көрмелерін, спорттық жарыстарды, шеберлік сыныптарын, этно-мәдени орталықтардың қойылымдарын және концерттік бағдарламаларды тамашалай алады. Сонымен қатар, басты сахнада театрландырылған қойылымдар да ұйымдастырылады.
23 наурызда ауылдық округтерде мереке атап өтіліп, концерттік бағдарламалар мен спорттық жарыстар өтеді. Сонымен қатар, сол күні облыс орталығында «Тазарту күні» экологиялық акциясы ұйымдастырылып, оған еріктілер, жастар және барлық тілек білдірушілер қатыса алады.
Айта кетейік, мерекеге орай қала аумағына 30 кіші сәулет мүсіншелері, 400-ге жуық мерекелік жалаушалар мен 10 баннер және 5 аспалы қондырғы орнатылады.