Бүгін, 14 наурыз – Көрісу күні. Бұл күнді Амал мерекесі деп те атайды. Адамдар осы күні бұрынғы өкпе-ренішін кешіріп, бір-біріне амандық-саулық тілейді. Көрісу күнінде жасы кіші адам үлкен кісінің үйіне барып көрісіп шығады. Міндетті түрде кем дегенде үш үйдің есігін ашу керек деген ырым бар. Наурыз» сөзі «жаңа күн» дегенді білдіреді. Ертеде қазақ бұл күнді «наурыз» демей «амал» деген. Бұл сөздердің айырмашылығы жоқ деуге болады. Ал бұл қазіргі күнтізбе бойынша 14 наурызға сәйкес келіп отыр.
Бұл күні көрісуге келген жандар бір-біріне «Бір жасыңмен!», «Жасың құтты болсын!», «Жасың қайырлы болсын!» деп айту керек. Адамдар үй ішін жуып, тазалап, ауланы да ретке келтіріп қояды. Көрісе келген адамдар (көбіне кішкентай балақайлар) көрісіп шыққан үйінің дастарқанынан дәм алып кетеді. Адамдар жаңа не таза киім киеді. Өкпе-ренішті ұмытып, көрісу күнінде адамдар бір-бірімен табысады. Көрісе шыққан адамды қабақ шытпай көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алып, дастарқанға шақырады.
Біреуден қарыз алған болса, қарызын осы күнге дейін иесіне беріп тастауға тырысады. Көрісу күнінің рәсімі бойынша ер адамдар құшақтасып, төс түйістіреді, әйелдер болса, құшақтасып, беттерінен сүйіп көріседі. Тек келіндердің аталарымен және қайынағаларымен көрісулеріне болмайды деген ырым бар.