Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланғандығы белгілі. Бұл жұмысшы мамандықтарды дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болып қалыптасу идеясын насихаттауды көздейтін бастама.
«Жетісу облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы» мемлекеттік мекемесінің бастамасымен аудан, қала кітапханаларынан бастау алған көш керуені «Талдықорған қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» коммуналдық мекемесіне қарасты Өтенай ауылдық № 5 кітапхана филиалында жалғасын тапты.
Өтенай ауылдық кітапхана филиалында өткен шараны «Талдықорған қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ-нің директоры Сейтжанова Күлпан Қалкенқызы құттықтау сөзбен ашты. 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» тақырыбында кітап көрмесі безендіріліп, көрмеге кітапхана меңгерушісі Салтанат Қажаева библиографиялық шолу жасады. Көрмеге кітапхана қорындағы еңбек ардагерлері туралы жазылған және еңбекке байланысты әдебиеттер қойылды. Кітап көрме 6-бөлімге бөлініпті. Бірінші бөлімі: «Еңбек өмірдің мәні» деп аталады. Ал, екінші «Адал еңбек мәңгілік мұра» атты бөлімде қазақ халқының ұлы перзенті, қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері атанған Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевтың «Өтті дәурен осылай», «Елу жыл ел ағасы», «Ұлы тұлғаның ұлағаты», Қазақстанға сіңірген айрықша еңбегі, өмір жолы туралы шыққан кітаптары және О.Қауғабайдың «Таңғажайып Қонаев». Қонаев музейінің директоры Хания Есдәулетқызының Д.Қонаевтың Талдықорған қаласына қосқан үлестері жайлы жазылған «Қонаев – ғасыр саңлағы» атты кітаптар қойылды. Үшінші бөлім: «Ел дамуының негізін қалаған ержүрек тұлғалар» бөлімінде жай теміржолшыдан Алаш партиясының көсеміне дейін көтерілген көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Мұхаметжан Тынышпаевтың «История казахского народа», ғылыми еңбектері мен өлкетану зерттеулері енген кітаптары, қазақтың тұңғыш академигі, көрнекті ғалым, қоғам қайраткері Қаныш Сәтбаевтың энциклопедиясы, таңдамалы шығармалары, еңбектері жайлы жазылған шығармалары, М.Сәрсенбаевтың «Сәтбаев» атты кітаптары қойылды. Төртінші бөлім: «Еңбек пен ерлік жолы» бөлімінде республика көлемінде тыл ардагерлерінің өмірбаяндары мен еңбектері енген 4- томдық «Герои Социалистического Труда-казахстанцы» шығармалар жинағы, ақ күріштің атасы Ыбырай Жақаевтың «Қанатты сөздер», Жетісу өлкесінің өркендеуіне үлкен еңбек сіңірген экономика ғылымының докторы, профессор Жұмахан Балапановтың «Адал адам ақ ниет» шығармалары орын алды. Бесінші бөлім: «Еңбекпен еленген тұлғалар» атты еңбек адамдарының оның ішінде екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, Қазақстандағы колхоз құрылысын алғаш ұйымдастырушылардың бірі- Нұрмолда Алдабергенов жайлы С.Ж. Ілиясұлының «Өмір белестері», Ш.Тергеуованың «Тарихқа тағзым», «Ата ақылы» және ауыл шаруашылығын айрықша еңбек сіңірген Зылиха Тамшыбаеваның «Жер туралы жыр», Николай Головацкийдің «Человек на земле», халық игілігі үшін сіңірген істері мен ғибратты ғұмырлары жайлы баяндалған «Тұғыры биік тұлға» кітаптары мен әйгілі тоқымашы Социалистік Еңбек Ері Күлдария Тоқсейтова жайлы Қарабай Әбуұлының «Жұлдызды Күлдария», Социалистік Еңбек Ері, қант қызылшасын өсіруде зор үлес қосқан Нурила Жидебаеваның «Бақыт кіліті, есімі Жетісуға ғана емес Республикаға танымал ардақты ана Тұрар Бостанова «Быжының қызы» кітаптары қойылды. Алтыншы бөлім: «Еңбек ерлері – өнердің шыңдары» деп аталады. Бұл бөлімде өнер адамдарының, жетісулық жерлестеріміздің оның ішінде қазақтың әйгілі халық ақыны, жырау Кенен Әзірбаев, айтыскер ақын Сара Тастанбекқызы, атақты суретші Әбілхан Қастеев, күйші композитор, дирижер Нұрғиса Тілендиев, Қазақстанның халық артісі Әсет Бейсеуов, Қазақстан сазгері Мұратхан Егінбаев, жазушы Бексұлтан Нұржекеев, композитор Әли Алпысбаевтың шығармалары қойылды.
Көш керуенге Өтенай ауылдық Ардагерлер кеңесінің төрағасы, ардагер ұстаз Беделбек Сүлейменов, Қазақстанның ішкі істер үздігі, Семей-полигон мүгедектер және ардагерлер ұйымының төрағасы, Талдықорған қаласының Құрметті азаматы — Данабеков Толыбек Сүлейменұлы, балалар жазушысы Жұмабала Балақаранова, кәсіпкер Тазабекова Мира Төкенқызы, Өтенай ауылдық амбулаториясының мейірбикесі Жазира Болысбекова, кітапхана қызметкерлері және №21 орта мектептің ұстаздары мен оқушылары қатысты. Шара барысында Беделбек Сүлейменов, Толыбек Данабеков, Жұмабала Балақаранова оқырмандарға жастардың өз мамандықтарын дұрыс таңдап, ел дамуына үлестерін қосып, қоғамға пайдалы маман болуы керектігі, жастардың терең білім алып, саналы азамат болып өссе, елдің ертеңі жарқын болатындығы жайлы тоқталып өтті. Шара соңында «Сұлусаз» әжелер ансамбілінің жетекшісі Гүлшекер Иешова ауылдың алтыауызын шырқаса, «Талдықорған әуендері» әншілерінің концерттік бағдарламасын тарту етті.
Күміс Жұмаділқызы,
3-ші бөлімшедегі №7 кітапхана
филиалының кітапханашысы.