Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл UAE SWAT Challenge сайысында топ жарған күштік құрылымдардың бір топ офицерін марапаттады. Бұл «Бүркіт» жасағының жауынгерлеріне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев зор құрмет көрсетіп, алғысын білдірген болатын. Үстіміздегі жылдың 1-5 ақпан күндері аралығында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 5514 әскери бөлімінің «Бүркіт» жасағының жауынгерлері UAE SWAT Challenge — 2025 арнайы мақсаттағы бөлімшелері арасындағы әлемнің 80 елінен 105 команда қатысқан халықаралық жарыста көк туымызды биіктен желбіретті. Жауынгерлер табандылық пен батылдық танытып, жарыс қорытындысы бойынша жақсы нәтижелер көрсеткен әлемнің үздік 10 арнайы бөлімшесінің қатарына енді.

Осыған орай, қала әкімі Ернат Бәзіл батыл да қайсар 5514 әскери бөлімінің «Бүркіт» жасағының жауынгерлерін жеткен жетістіктерімен құттықтап, еліміздің көк туын әлем көгінде желбіреткен сарбаздардың ерен ерлігі көпке үлгі екендігін ерекше атап өтті.
Салтанатты шарада құрмет төрінен көрінген 5514 әскери бөлімінің «Бүркіт» жасағы батыл жауынгерлері: подполковник Нұрболат Сапарбаев, прапорщик Ақыл Новаев, майор Төлеубек Чагиров, майор Диас Ахметбаев, аға лейтенант Ренат Нұрбеков, аға лейтенант Әділжан Ерғазы, аға лейтенант Рахат Амангельдинов және 3 сынып сержанты Мадияр Батырбеков ерлігін атап өтуге болады.
Бұл бөлімнің жетістігі өскелең ұрпақ үшін мақтаныш. Сондықтан да, қала әкімі алғыс білдірумен қатар, бағалы сыйлықты да табыс етті.





























