Талдықорғанда Ауған соғысы ардагерлеріне құрмет көрсетілді

66

Кеңес дәуірі тарихының ең қаралы беттерінің бірі – Ауған соғысы. Отан алдындағы борышын адал атқарған, әрі болашағына сенген жас ұрпақ саяси орынның құрбанына айналды. Көптеген жастарымыз жат елінде жан тапсырып, мыңдаған қандасымыз оқ пен оттың ортасынан жарақатпен оралды. Баласын, бауырын, ағасын, інісін майданға шығарып салған отандастарымыздың да, қанды қырғынның ортасынан оралған сарбаздардың да жүрегінде Ауғанстан мәңгілік жара болып қалды.

КСРО әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 36 жыл.  Айтулы күнге орай,  Талдықорғанда ауған соғысы ардагерлерінің қатысуымен майдан даласында қаза болған жауынгерлерді еске алып, ескерткішке гүл шоқтары қойылды.

 Жиналғандар алдында Талдықорған қаласы Қорғаныс істері жөніндегі басқармасынан Мақсат Дүйсебеков және Жетісу облыстық Ауған соғысы ардагерлері қоғамының төрағасы Қайрат Жаңабаев он жылға созылған соғыстың  жарасы әлі күнге жазылмағандығы, қаза тапқан сарбаздарға әрдайым тағзым ету парыз екендігін айтты.

 І.Жансүгіров атындағы мәдениет сарайында салтанатты шара жалғасын тапты. Талдықорған  қаласының әкімі Ернат Бәзіл ауған соғысының ардагерлерін мерекемен құттықтап, тәуелсіз еліміздің батырлары  есімін тарих жадында мәңгі қалатынын ерекше атап өтті. Қазіргі күні қаламызда  Ауған соғысының 307 ардагері тұрады.

 Ал мерекеге орай қала әкімі 30-ға жуық ауған соғысының ардагерлеріне облыс және қала әкімінің алғыс хатын табыс етті.  Олардың бәрі облысымыздың, қаламыздың өркендеуіне, жас ұрпақ тәрбиесіне үлес қосып жүрген ардагерлер.

«Ауған соғысы біздің тарихымызда терең із қалдырды, ол ерлік пен қайсарлықтың символы болды. Соғыстың барлық қатысушылары, соның ішінде бүгінгі ардагерлеріміз, Отан алдындағы қасиетті борышын адал атқарып, еліміздің тыныштығы үшін күресті. Біз Сіздердің ерліктеріңізді ешқашан ұмытпаймыз, құрметтейміз», — деді қала әкімі Ернат Бәзіл.

 Сондай-ақ, ардагерлер атынан Бауыржан Барлыбаев сөз алып, қала әкіміне алғыстарын білдірді.

Салтанатты шара қала өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасып, патриоттық әндер шырқалды.

                                                                    Суреттерді түсірген : Олжас Құрмашев

 

 

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз