Ауған соғысы –Кеңес Одағы тұсындағы тарихтың ең қайғылы беттерінің бірі. 1979 жылы желтоқсанда Ауғанстанға кеңес әскерін енгізу туралы шешім шығарылып, арада он күн салып, 27 желтоқсанда КСРО әскерлері Ауғанстан шекарасынан өтеді. Онда олар 1989 жылдың 15 ақпанына дейін соғыс қимылдарын жүргізді.
Осы 10 жылға жуық бөтен елдің мүддесін қорғаған Ауғанстан әскерлері құрамында Қазақстаннан 22269 жауынгер интернациональдық міндеттерін атқарды. Олардың 924-і сұрапыл шайқаста ерлікпен қаза тапты. 30-ға жуығы хабар-ошарсыз кетті, мыңдаған азамат елге мүгедек болып оралды. Талай отбасы бейбіт заманда қара жамылды.
Соңғы кеңес әскерлері 1989 жылы 15 ақпанда Ауғанстаннан шығарылды. Биыл бұл атаулы күнге 36 жыл толды. Бұл соғыс — дәуір шежіресінің ең қасіретті беттерінің бірі. Ол соғыс ардагерлерінің ғана емес, барлық кейінгі ұрпақтардың жадында мәңгі қалады. Бұл күні еліміз бойынша 1979-1989 жылдары Ауған соғысына қатысқан интернационалист жауынгерлерге құрмет көрсетіледі. Қаза тапқандарды еске алу ғана емес, сонымен қатар өзінің әскери және халықаралық борышын адал әрі батыл атқарған тұлғалардың барлығына шынайы ризашылық пен алғыс білдіру міндет. Талдықорған қаласы бойынша Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылған күніне орай 307 Ауған соғысының ардагерлеріне біржолғы әлеуметтік көмек, яғни, әрқайсысына 150 мың теңгеден төленді. Ардагерлерге біржолғы әлеуметтік көмек, санаторийлік-курорттық емдеу, білікті медициналық көмек, мамандандырылған госпитальдарда көрсетіледі.
— Ауған соғысы өзінің мән-мағынасы жағынан жер бетіндегі ең қиын да қайғылы, тартысы мол шайқастар қатарына кіреді. Кең-байтақ еліміздің бейбіт күнінде он сегіз-жиырма жастағы бозбалалар қолына қару ұстап, көп бейнетті бастан өткеріп жатқан ауған халқына көмек көрсету үшін жауынгерлік парыздарын орындау мақсатында сол елге аттанды. Олардың барлығы да өз міндеттерін абыроймен атқарды. Бір өкініштісі, солардың бірқатары елге мүгедек болып оралды. Сол соғыс әлі де буыны қатпаған жас жігіттер қыршын кетті. Мен Көксу ауданы Бесқайнар ауылының тумасымын. 1985 жылы орта мектепті ойдағыдай аяқтадым. Содан 1987-89 жылдары азаматтық борышымды атқаруға шақырылдым. Алдымен Өзбекстан аумағындағы Шелшек деген жерде барлау бөлімі тобында арнайы дайындықтан өттік. Бұл жерде 1987 жылдың сәуір-қыркүйек аралығында дайындалып, әуе-десанттық әскери бөлімінің арнайы жасақталған отряд құрамына алындым. Тіпті Ауғанстан жеріндегі соғысқа барасыңдар дегенде бойымда түк қорқыныш болған жоқ. Намысқа тырыстым. Асадабад деген жерде жауынгерлік тапсырмаларды 334 ерекше жасақталған арнайы отрядпен бірге орындадық.
Борап тұрған оқ пен оттың, қантөгістің ортасы. Жау қай жақтан шыға келеді білмейсің. Ауғанстанның жер бедері тау-тастан тұрады: сай-сала, жыра-жықпыл, асу-бел, тау-шатқал… Арасында жер сілкінісі болып тұратын. Ондайда әскери көліктер, танкілер доп сияқты секіретін. Жорыққа күндіз шығып, қас қарая жеткен жерімізге қонатынбыз. Мұндайда күзет мықты болатын. Біз барлаушылармыз. Кез келген тапсырманы орындауға міндетті едік. Мәселен, таулы аймақ болғандықтан жүкті есекпен өткізеді. Онда не бар, қару артып әкетіп бара ма, бәрін бақылаудан өткіземіз. Қыстың кезінде күн ыстық, 50-60 градусқа дейін болатын.
Ал қаруластардың көмегін көрдік. Бірде дұшпандардың қоршауында қалып қойдық. Содан екінші рота мұны байқап қойып біздерді құтқарып қалды. Солардың ішінде қанды көйлек жолдастарым Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданының тумасы Қуаныш Тұрлыбеков және Болат Кемелханов, Берік Бекбатыров өздеріне берілген талай тапсырмаларды жанқиярлықпен орындады. Ал, міне, бүгін-ертең Отанға оралады деген сарбаздар көз алдымызда оққа ұшып, минаға жарылып, қаза тауып жатты…», — дейді Еркін Ерғожанов.
Өз өмірін майдан даласында қиғандардың бәрі де Отан алдындағы борышын адал атқарғандар. Бұл орайда даңқты батырымыз Бауыржан Момышұлының «Отан үшін отқа түс — күймейсің» деген жалынды сөзі бүгінде нақ біздің интернационалист жауынгерлерімізге арналғандай. Олар ерліктің ерен үлгісін көрсетті, қарсы келген жаудан қаймықпады.
Жалпы облыс бойынша ауған соғысы ардагерлері 660 адам. Еркін Асқарұлы Жетісу облысы бойынша «Әуе десанты әскерлері Ауған соғысының интернационалист жауынгерлері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы ретінде 2015 жылдан бері көптеген жұмыстар атқарып келеді. Бірлестіктің құрамында 60-тай ардагер бар. Айтуынша, бірлестіктің басты міндеті — өсіп келе жатқан ұрпаққа патриотизмді насихаттау. Бұл орайда қоғамдық бірлестік жастарға патриоттық тәрбие беру ісінде ауқымды жұмыстар атқарып жүр. Жоғары, орта, арнайы оқу орны студенттермен, оқушылармен кездесіп, оларды отансүйгіштікке және еліміздің патриоты болуға баулып, оқу орындарында тәрбиелік мәні зор баяндамалар жасайды. Жас буынның тәуелсіз еліміздің бүгінгі жетістіктерін абыроймен және лайықты түрде ілгерілете беретіндігіне сенеміз. Қоғамдық бірлестік тарапынан қайырымдылық шаралар да ұдайы ұйымдастырылып жүр. «Біз антымызды орындадық», «Ауғанның от жалыны», «Мен сенімен мақтанамын, менің Қазақстаным!» тақырыптарында өткен қайырымдылық іс-шараларына қатысып келеді. Әрине, қоғамдағы өзекті мәселелерді арқау ететін жиын-форумдар ауған соғысы жауынгерлерінің ұйымдастыруымен, қатысуымен өткізіліп жатады.
Е.Ерғожанов: «Біз бірінші кезекте өзіміздің жауынгерлік міндетімізді атқардық. Қанмен жуылған тапсырмаларды орындауда ерлік пен батылдықтың үлгісін көрсеттік –деп ойлаймын».
Еркін Ерғожанов елге оралған соң, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінң дене тәрбиесі және алғашқы әскери дайындық мұғалімі деген мамандығы бойынша тәмамдап, оқу орындарында және кәсіпорында қызмет атқарды. Бүгінде жеке кәсіп иесі. Ардагер Е.Ерғожанов «КСРО Қарулы күштеріне- 70 жыл», «Ауған халқының алғысы», «Ерлігі үшін» төсбелгісі мен «Ауған соғысының ардагері» орденімен марапатталған.