Әлеуметтік сауда нүктелеріне халық дән риза

94

28 қаңтар күні Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың төрағалы-ғымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтіп, онда еліміздің өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы шығарылып, алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттер тұжырымдалған болатын. Отырыс барысында қаралған өте өзекті мәселелердің қатарында агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін арттыру қажеттігі де айтылды.

Былтырғы жылы көктемгі егіс науқанына берілген арзан несие көлемінің артуы ауыл шаруашылығын дамытуға едәуір септігін тигізген. Биыл осы науқанға 700 миллиард теңге бөлу қажет деген Президент тиімділігі төмен субсидиялау тәсілінен жеңілдікпен несие беру тәсіліне көшу қажеттігін Үкіметке тапсырды. «Былтыр диқандарымыз мол астық жинады. Бірақ, бидай бағасы тым арзандап кетті. Шаруаларды қолдауға және ішкі нарықты тұрақтандыруға Азық-түлік корпорациясы атсалысты. Бірақ бұл-уақытша шешім. Көбірек табыс әкелетін дәнді-дақылға көшуді жалғастыру қажет. Сондай-ақ шикізатты сақтау және оны терең өңдеу мүмкіндіктерін арттыру маңызды. Өнімді шетелге шығаруға қолдау көрсету керек»,- деді. Жаһандану заманында басқа елдермен тереземіз тең болу үшін атқарылар іс аз емес, әрине. Десек те, маусым сайын азық-түліктің бірқатар түріне баға шарықтап шыға келеді. Қаңтар айының екінші жартысында картоп бағасы қымбаттап, халықты дүрбелеңге салғанына куәміз. Осы орайда ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі 28 қаңтардан бастап жаңа піскен немесе салқындатылған картопты еліміздің аумағынан тысқары әкетуге, яғни экспорттауға тыйым салды. Мұндай шешім өнім тапшылығына байланысты қабылданған. Картоп және де басқа да халық сұранысына ие тауарларға бағаны ырықтандыру мақсатында Жетісу облысының әкімдігі әлеуметтік сауда орындарын көптеп ашу шараларын қолға алды. Соның ішінде Талдықорған қаласында 7 әлеуметтік дүкен, 5 көше сауда нысаны іске қосылды. Ол дүкендерде нан, 1 сортты ұн, қант, күріш, кеспе, күнбағыс майы, қарақұмық, тұз, тауық еті, жұмыртқа, сиыр еті, картоп, пияз, сәбіз және қырыққабат басқа сауда нүктелеріне қарағанда 2-3 есе арзан бағамен халыққа ұсынылуда.

Ернат Бәзіл, Талдықорған қаласының әкімі:
– Облыс әкімінің әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, әлеуметтік сауда орындары ашылып, халықтың жиі тұтынатын азық-түлік түрлері мен көкөністер тиімді бағада сатылуда. Бағаны тұрақтандыру мақсатында жергілікті тауар өндірушілермен келісімшарт жасалып, күз кезінде арнайы қоймаларға үлкен қор жиналды. «Жетісу ӘКК» арқылы тұрақтандыру қорынан азық-түлік әлеуметтік сауда орындарына үздіксіз жеткізілуде.

Ардақ Серікұлы, кәсіпкер:
– Осы әлеуметтік сауда нүктесінде жұмыс жасап жатырмыз. Таңертеңнен кешке дейін мұнда келетін халық саны көп, өзіңіз көріп отырғандай. Саудаланып жатқан барлық өнім – отандық. Жетісу облысының өнімдері. Тұрғындар дән риза деп ойлаймын. Баға – тұрақты.

Әділбек Кенеев, Талдықорған қаласының тұрғыны:
– Облыс, қала басшыларына еліміз бойынша баға шарықтап кеткен кезеңде осындай мүмкіндіктер туғызып, арзан азық-түлік алуға қол жеткізгеніміз үшін алғыс айтамын. Мен «Самал» шағын ауданында тұрамын. Үйдің жанындағы дүкендер картоптың бір келісін 300-350 теңгеден саудалап жатыр. Ал, мына әлеуметтік базардан оның кг 180 теңгеден алдым. Оған қоса күнбағыс майын, қырыққабат, қант сатып алдым. Көп рақмет.

Естеріңізге сала кетсек, әлеуметтік дүкендерге қосымша көшедегі әлеуметтік сауда орындары 2 ай тұрақты жұмыс істейді. «Жетісу ӘКК» АҚ әлеуметтік дүкендері мен сауда нүктелерінің тізімі, мекенжайы мен жұмыс уақыты «Талдықорған» газетінің өткен және осы санында жарияланды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз