Қарапайым адамдардың таңның атысы, күннің батысы қол күшін қажет ететін зауыттарда,шахталарда, басқа да салаларда бастарын қатерге тігіп еңбек етіп жатқанын білеміз. Алысқа бармай-ақ, маңайымызға көз салсақ, қаламыздың тынымсыз тыныс-тіршілігінде құрылысшылар үй салып жатса, коммуналдық сала қызметкерлері көшенің қарын тазалап, автокөлік, автобус жүргізушілер жолаушыларды діттеген жеріне тасымалдаумен әлек.
Көгілдір отын, электр қуаты, жылумен қамтуда қаншама азаматтар тер төгіп, күндіз-түні өздеріне тапсырылған міндеттерді бұлжытпай орындап келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы Жарлығымен 2025 жыл Жұмысшы мамандықтарының жылы деп жарияланғаны белгілі. Бұл әрине, түрлі салада еңбек етіп жатқан мыңдаған отандастарымызға деген зор құрмет. Жерлесіміз, Талдықорған қаласының тұрғыны Марат Нүркежанов та «Көркейту» ЖШС 20 жылдан астам уақыт кран автокөлігін жүргізумен айналысады. Жалпы, осы мамандықты игергеніне 30 жылдан асты.
Марат Нүркежанов, кран жүргізуші:
– Техникаға әуестігім балалық шағымнан басталған. Тракторларды,әсіресе К-700 маркалы ауыр техникаларды көргенде, оның жүргізушісі маған батырлардай әсер қалдыратын. Мектепті тәмамдаған соң, бірден жұмысшы болып ауылдың тірлігіне араласып кеттім. 1989-шы жылы кәсіптік білім беретін оқу орнына түсіп, «крановщик» мамандығын игеріп шықтым. 2003-ші жылы «Көркейту» коммуналдық қызмет көрсету мекемесіне кран жүргізуші болып жұмысқа қабылдандым. Содан бері де 20 жылдан астам уақыт өтіпті. Біздің серіктестік қаланың тазалығына, көркеюіне үлкен еңбек сіңіріп жатыр деп айта аламын.Әріптестерім көшенің тазалығын сақтау үшін таң қараңғысынан тұрып, қыс болса қарын тазалайды, жаз болса автокөлік, жаяу жүргіншілер жолын тазалап, ағаш көшеттерін отырғызып, тал-теректерді суарып бір тынбайды. Еңбекті сүйген адам үшін мамандықтың бәрі жақсы. Алақанды аспанға жаймай, екі қолға бір күрек ұстасаң да елге еңбек сіңіруден асқан бақыт жоқ шығар.