Өткен жылғы қыркүйек пен желтоқсан аралығында «Хабар» арнасында өткен «Асыл домбыра» жобасының үшінші маусымының жеңімпазы Жетісу облысының командасы атанды. Осы орайда «Асыл домбыра» тележобасының продюсері Рауан Оқасов, «Tas Group» компаниялар тобының өкілі Данияр Молдахмет және жоба жеңімпазы Дидар Өмірәлі айтыс өнерінің қазіргі хал-ахуалына тоқталып, командаға берілген домбыраны М.Тынышбаев атындағы музейге салтанатты түрде табыстады.
«Асыл домбыра» жобасының мақсаты – жастардың айтысқа қызығушылығын арттыру, айтысты басқа қырынан көрсету, тың идеялармен байытып, жаңа форматта көрермен назарына ұсыну, сол арқылы көрерменді айтысқа тарту. Сондай-ақ, ақындардың суырыпсалмалық қабілеттері мен шешендік өнерін шыңдау, халықтың ауыз әдебиетіне деген қызығушылығын арттыру. Ақындар айтысының басты ұйымдастырушысы әрі демеушісі «ASSYLTAS» қоғамдық қоры. Аталмыш қор инновацияға ден қойып, қазақ тілін қалың бұқара, іскерлік ортаның тіліне айналдыру, қайырымдылық жасау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және ұлттық мүдде жолында еңбек етуді көздейді. Өңірді дамыту, төл өнерді, қазақ спортын дамытуды қолдау, қайырымдылық жобаларды іске асыру, талантты азаматтарға қолдау көрсету бағытында бірқатар жобаларды жүзеге асырып келеді.