«Жомарт жан» қайырымдылық орталығы мен Іскер әйелдер қауымдастығының бірлесіп ұйымдастыруымен «ҚХА 30 жыл — 30 игі іс» акциясы өтті. Акция барысында «Айналайын» балалар үйі, қалалық Аналар үйі, Жаркент қаласындағы «Мерей» оңалту орталығы, №4 мамандандырылған мектеп-интернаты, «Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған Қаратал күндізгі болу орталығы» мекемелерінің тәрбиеленушілері қамтылды. Балаларға ойын-сауықтық және концерттік бағдарламалар, сондай-ақ, мерекелік дастархан әзірленді.
Қайырымдылық акциясының мақсаты – балаларды жан-жақты қолдау, даму мен әлеуметтік бейімделуге мүмкіндік беру, олардың эмоционалды және физикалық жағдайын жақсарту. Сондай-ақ, бұл санаттағы балалардың проблемаларына назар аудару және оларды қоғамға біріктіру үшін қажетті жағдай жасау. Ұйымдастырушылар «Қайырымдылық –адам баласы бойындағы асыл қасиеттердің бірі. Ал, қамқорлыққа зәру жандарға жанашыр болып, жүрек жылуын ұсыну, сауабы мол іске қолыңнан келгенше көмектесіп, өзіндік үлес қосу әрбір адамның азаматтық парызы деп білеміз. Біз тағдырдың тосын жәйттерін еріксіз түрде арқалап жүрген азаматтардың қоғамда белсенді болуларына ықпал етуіміз керек. Әрқашан тек жақсы күндерде жүздесейік. Сіздерге ең басты байлық денсаулық, жетістік тілейміз, жігерлеріңіз мұқалмасын»-деді.
Сонымен қатар, Жетісу облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы «Ассамблея жастары» ҚБ Ұлттық ұлан 5514 әскери бөлімімен бірлесе «Асар» қайырымдылық акциясын ұйымдастырды. Акция барысында мүмкіндігі шектеулі қарттарымыздың үйіне тазалық жұмыстары жүргізілді. Заида Курмашева, «Ассамблея жастары» мүшесі: «Қазақ халқы игі істен шет қалмаған. Біздің бірлестік жастары әрдайым көмек көрсетуге дайын. Үлкенге құрмет, кішіге ізет дейтін ұрпақпыз ғой. Қасиет те, өсиет те қарттарда екенін естен шығармайық. Қарияларымыздың ауласын қардан тазалап, қажетті шаруаларды атқардық»-деп атап өтті.