Талдықорғандық 19 көпбалалы отбасы «Береке» коттеджді қалашығынан баспаналы болды. Қала әкімі Ернат Бәзіл әрбір қуаныш иесіне пәтер кілтін салтанатты түрде табыс етті. Айтулы шарада сөз алған Ернат Дүйсенбекұлы қоныс иелерін құттықтап, өңірде халықты тұрғын үймен қамту ісі жылдан жылға қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Дәл осы аймақта өткен жылдың желтоқсан айының соңында 25, ал, жыл басында 30 баспана тұрғындар игілігіне тапсырылған болатын.
«Коттедж қалашығында 204 үйдің құрылысы аяқталмай, тоқтап қалған еді. Облыс әкімінің қолдауымен қайта қалпына келтірілді. Былтыр басталған 97 үйдің құрылысын аяқтап, тұрғындарға баспана кілтін табыстаудамыз. Жыл соңына дейін қалған үйлерді тәмамдап, жұртшылыққа пәтер кілтін береміз», – деп ақжарма тілегін жеткізді. Сонымен бірге аталған қалашықтағы өзге де үйлер кезең-кезеңімен реттеліп, ағымдағы жылы толығымен қолданысқа берілетіні айтылды. Айта кетейік, аталмыш аймақтағы бірқатар баспананы салу жұмысы шарттық міндеттемелер бойынша орындау мерзімі бұзылған және жұмыстың сапасыз орындалуы, тиісінше мемлекет қаражатын ұрлау қаупі бар әлеуметтік және стратегиялық объектілер қатарына енген болатын. Сәйкесінше облыстық сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасына кірді. Ал, құрылысы аяқсыз қалып, күні бүгінге дейін созылған іс бойынша айыпталушылар қылмыстық Кодекс бойынша жазаға тартылды.