Жетісу облысында 1,5 жас пен 18 жас аралығындағы ерекше қажеттіліктері бар балаларға мамандандырылған әлеуметтік қызмет көрсететін күндізгі емдеу орталығының мүмкіндігі ұлғайды. Талдықорған қаласында орналасқан орталықта ашылған жаңа бөлімнің арқасында оның сыйымдылығы 110 жатын орынға өсті.
Аумағы шамамен 470 шаршы метрді құрайтын жаңа ғимарат заманауи стандарттар мен талаптарға толық сәйкеседі. Онда ем алатын балалар жасына және денсаулық жағдайына қарай екі топқа бөлінген.
– Бөлімді ашудағы басты мақсат – мүгедек балалардың қоғам үшін маңызды екендігін ұғындыру және оларды өмірге бейімдеу. Біз мұнда әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық және әлеуметтік-педагогикалық көмекті қосқанда, 8 түрлі қызмет көрсетеміз. Сонымен қатар, отбасыларға ыңғайлы болу үшін әлеуметтік такси қызметтері ұсынылады. Балаларды орталыққа апаратын және қайтып әкелетін 4 автокөлік таңғы сағат 8:00-ден 17:00-ге дейін, сенбі және жексенбі күндері де жұмыс істейді, – дейді орталық директорының әлеуметтік жұмыс жөніндегі орынбасары Назгүл Бүркітбаева.
Жетісу өңірінде мүмкіндігі шектеулі жандарға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін 1566 орындық 13 мекеме бар. Былтыр бұл мекемелер 1512 әлеуметтік қызмет көрсетіп, мүгедектердің емін-еркін жүріп-тұруына мүмкіндіктер ұсынды. Сондай-ақ, өткен жылы 168 нысанда мүмкіндігі шектеулі жандарға бейімдеу жұмыстары жүргізілді.
Естеріңізге сала кетейік 2025 жылы Талдықорған қаласында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған 150 орындық оңалту орталығының құрылысын бастау жоспарлануда.
Жетісу облысының әкімдігі