Елімізде букмекерлік кеңселердің жарнамасы бар 1,6 мыңнан астам билборд алынып тасталды

6

Елімізде букмекерлік кеңселер мен тотализаторларды жарнамалауға қатаң шектеулер енгізілді. Заңнама талаптарының орындалу барысы ҚР Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенованың төрағалығымен өткен кеңесте қаралды.

Туризм және спорт вице-министрі Мирас Төлебаев заңнаманың орындалуын қамтамасыз ету үшін ведомство облыстық және қалалық әкімдіктермен, сондай-ақ Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесіп сыртқы жарнама мен отандық БАҚ-қа тұрақты мониторинг жүргізетінін атап өтті. Осы жұмыстың нәтижесінде 1,6 мыңнан астам билборд алынып тасталды. 2024 жылы «Кибернадзор» ақпараттық жүйесіне заңсыз құмар ойындар мен бәс тігулерді жарнамалайтын 10 мыңнан астам сайт бұғатталуға енгізілді.

«Азаматтар көшеде немесе БАҚ-та заңсыз букмекерлік жарнаманы байқаса, Министрлікке арыз жаза алады. Дәлелдер жеткілікті болған жағдайда, Министрлік тиісті әкімдіктер мен Мәдениет және ақпарат министрлігіне сұрау жолдап, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау үшін қажетті материалдарды жинайды», — деп түсіндірді Мирас Төлебаев.

Вице-премьер мүдделі мемлекеттік органдар мен облыс әкімдіктеріне заңнама талаптарының орындалуын жіті қадағалауды тапсырды.

«Рұқсат етілмеген орындарда жарнама жасауға жол берілмеуі тиіс. Мыңдаған сайттар бұғатталғаны туралы есеп берілді. Алайда, ғаламторда букмекерлік кеңселердің жарнамасы әлі де бар. Бұл ретте салалық министрліктер мониторинг жұмысын күшейтуі қажет», — деп атап өтті Тамара Дүйсенова.

Енгізілген шектеулерге сәйкес букмекерлік кеңселер мен тотализаторларды ашық кеңістіктерде, ғимараттардың қасбеттерінде, көлік құралдарында және сыртқы құрылымдарда жарнамалауға толық тыйым салынған. Бұл ереженің букмекерлік кеңселердің немесе тотализаторлардың орналасқан жерлеріне, спорт ғимараттарының ішіне және спортшылардың киімдеріне қатысы жоқ. Букмекерлік кеңселердің логотиптері мен сауда белгілерін басқа бизнес салаларының жарнамасында қолдануға болмайды.

Айта кетейік, Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 455-бабына сәйкес, букмекерлік кеңселердің жарнамасын таратқандар үшін 236 мыңнан 1,5 млн теңгеге дейін айыппұл қарастырылған.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз