Өткен жылы Талдықорған қалалық әкімдігі азаматтарға 90 мыңнан аса мемлекеттік қызмет көрсетсе оның 74 пайыздан астамы электронды түрде жүргізілген. Солардың ішінде 3 қызмет мерзімі бұзылып көрсетілген. Олар бойынша кінәлі азаматтар, яғни бөлім басшылары тәртіптік жазаға тартылып, 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеген. Бұл туралы бүгін Талдықорған қалалық әкімдігінің алқа мәжілісінде баяндама жасаған қала әкімінің орынбасары Талғат Қыдырәлиев мәлімдеді.

Баяндамашы атап өткендей, кей мекемелерде қызмет көрсетуде тек мерзім бұзылып отырған жоқ. Мемлекеттік қызметтер ұсынатын мекемелерге мүгедек азаматтардың кіріп-шығуына кедергі келтіретін жағдайлар да бар. Мәселен, Абай көшесі 241 мекен-жайында орналасқан, «Талдықорған қаласының тұрғын үй және коммуналдық-шарушалық бөлімі» ММ-нің балансындағы әкімшілік ғимаратында мүмкіндігі шектеулі адамдарға кедергісіз қолжетімділікті қамтамасыз ету жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілмеген, яғни: мүгедектердің автокөлігіне арналған тұрақ мемлекеттік стандартқа сәйкес емес, орнатылған пандустың еденінде тайғанақ емес жабын жоқ, пандустың тұтқалары тек бір жағында орналасқан, пандустың керегесі  жоқ. Сонымен қатар, кіре-беріс есігінің шекті  биіктігі талаптан 2 есе жоғары. Ғимараттың кіре-беріс есігінде нашар көретін адамдарға арналған ескерту белгісі орнатылмаған, шақыру қоңырауы жоқ, дәретхана бөлмесінде унитаз бен раковина жанында тіреу тұтқалары және киімдерге арналған ілгіш жоқ.

Сондай-ақ, қалалық әкімдікке қарасты мемлекеттік қызметтер ұсынатын 10 бөлім мен 2 ауылдық округ әкімдіктерінде өз-өзіне қызмет көрсету бұрышын жандандыру керек. Және бөлімдермен көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің түрлері және көрсету тәртібі туралы арнайы бейнероликтер түсіріліп, оны ғаламторға, қала көшелеріндегі арнайы экрандарда көрсетілуін қамтамассыз ету қажет.

Жоғарыда аталған мәселелерді жеке-жеке талдаған қала әкімі Дастан Шалтабаев кемшіліктерді жою үшін 1-сәуірге дейін уақыт берілетінін ескертті. «Елбасы атап өткендей, жергілікті әкімдіктер халық игілігі үшін еңбек етіп жатыр. Сондықтан аталған кемшіліктерді жою үшін жарты ай уақыт белгілеймін. Алдағы уақытта Талдықорғанда көрсетілетін мемлекеттік қызмет сапасы артатын болады. Бұл жолда бәріміз де білек сыбана еңбек етеміз» деп атап өтті қала басшысы.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK