Қадір түніндегі қайырымдылық

375

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қалың қауымды мың айдан да қайырлы қасиетті түнмен құттықтауында:«Алла Тағала Құранда: «Біз шынында, Құранды Қадір түнінде түсірдік. Қадір түнінің не екенін білесің бе? Қадір түні(қасиет және сауап жағынан) мың айдан да қайырлы. Сол түнде періштілер және Жәбірейіл Алланың әмірімен (жер бетіне Алла тағдыр еткен) барлық істерді атқару үшін түседі. Сол бір түн, ағарып таң атқанға дейін амандық-тыныштық түні болады», — деп «Қадір» сүресінің 1-5-аяттарында баяндалады.

Расында, Рамазан айының қасиетті болуының ұлы ерекшеліктерінің бірі – Қадір түнінде тағдырдың жазылуы. Ал, Қадір түнінің қасиетті болуының мәні – адамзат баласын екі дүние бақытына жетелеуші қасиетті кітабымыз Құранның түсуі. Бұған тұтастай осы қасиетті түнге қатысты баяндалған «Қадір» сүресі дәлел болады», — деп атап айтқан еді.

Сондықтан да айлардың сұлтаны Рамазанда түндердің ең қасиеттісі Қадір түнінде жасалған ізгі амалдар мен құлшылықтардың сауабы 83 жылға тең делінген хадисте. Жүрегінде иманы бар әр пенде Алланың мейірімі мен сауабы төгіліп тұрған  осы бір жақсылықтан құр қалмауға қам жасайтыны анық. Осыған сай жыл сайын Талдықорғандағы мешіт имамдары үнемі жақсы  істерге жаршы болып, түрлі игі іс-шараларға атсалысып келеді. Биылғы қасиетті Қадыр түнінде қаладағы «Тәубе» мешітінде дін қызметкерлеріне бағалы сыйлықтар үлестіріліп, қариға шапан жауып құрмет көрсетілсе, мұқтаж адамдарға қаржылай қамқорлық жасалды. Қаржылай қолдауға ие болғандардың бірі Талдықорған қаласы, Өтенай ауылына қарасты Ынтымақ елдімекенінің тұрғыны Индира Сырлыбекова. Үш бала тәрбиелеп отырған Индираның жақында үйі өртке оранып жанұясы қиындыққа тап болған. Қадір түні аталған отбасына 100 мың теңгенің сертификаты мен қосымша  азық-түлік табыс етілсе, мешіттің ұстазы мен тазалықшысына бағалы мамық төсек және  ақшалай сыйақы берілді.

Жиналған қауым алдында сөз алған «Тәубе» мешітінің бас имамы Керімбек Дәуітов алдымен Қадір түніндегі қайырымды іске қол ұшын созған әрбір азаматқа алғысын білдіріп, Жаратқан иемізден елімізге амандық, жерімізге тыныштық, әр шаңыраққа  шаттық тіледі. Осыдан соң құлшылығы таңға дейін жалғасқан жалпы жамағатқа мешітте ақ дастархан жайылып, сәресі берілді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз