Кеден органдарының негізгі міндеттерінің қатарына жеке тұлғалардың, кіші және орта бизнес өкілдерінің немесе коммерциялық емес ұйымдардыңкедендік шекарадан валюта алып өтуіне кедендік бақылау жасау тәртібі де кіреді. Осы орайда айтар ойымыздың негізі түсінікті болу үшін әңгімені «жеке тұлға» деген сөзге түсінік беруден бастағанымыз жөн болар. Мысалы, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 12 бабында көрсетілгеніндей, жеке тұлғалардың қатарына Қазақстан республикасы мен басқа да мемлекеттердің азаматтары және азаматтығы жоқ адамдар жатады. Сонымен қатар жеке тұлғалардың қатарына 16 жасқа, яғни кәмелеттік жасқа толмаған балалар да қосылады. Осы орайда кедендік шекарадан кәмелеттік жасқа толмаған азамат валюта алып өтетін болса, декларант ретіндегі жауапкершілік оның ата-анасына жүктеледі.
Жалпы валюта алып өту (елімізге валюта әкелу және сыртқа шығару) туралы ережелер «Қазақстан Республикасында кеден ісін реттеу туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 343 бабының (Жеке пайдалануға арналған тауарларды кедендік декларациялау) 1 тармағының7 тармақшасымен және Евразиялық экономикалық қауымдастықтың мемлекетаралық кеңесінің 05.06.2010 жылғы «Жеке тұлғалардың қолма-қол ақша немесе ақша құралдарын кедендік одақ шекарасы арқылы алып өту тәртібі жөніндегі келісім» туралы №51 шешімінің 4 бабымен реттеледі. Мысалы,бұрынжеке тұлғалар тарапынан шетелге шыққан кездевалюта, ақша құралдарынемесе жол чектері 10 мың АҚШ долларынан асып кеткен жағдайда,міндетті түрде кедендік жолаушылар декларациясына жазбаша мәлімдеуі қажет болатын. Сонда ғана шетелге валюта алып шығу рәсімі заңды болып есептелетін және басқа да шектеулер қойылмайтын.
Алайда, екі жарым жылдан аса уақыт бұрын бұл заңнамаға түбегейлі өзгерістер енгізіліп, қатаңшектеулер қойылды.Яғни, Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасында қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету шаралары туралы» 2022 жылдың 14 наурызындағы Жарлығының 1 тармағының 1 тармақшасының талаптарына байланысты, сыртқа қолма-қол валюта немесе қаржылық құралдарды алып өту Ұлттық банктің сол күнгі бағамы бойынша 10 мың АҚШ долларынан аспауы керек болып белгіленді. Сондықтан даешқандай рұқсат қағаздары кедендік шекарадан 10 мың доллардан артық ақша алып өтуге кепіл бола алмайды.Ал енді кедендік шекарадан өтер кезде қолдағы қолма-қол валюта 10 мыңАҚШ долларынан асып кеткен жағдайда, жеке тұлға ол жөнінде кеден органының қызметкеріне ауызшанемесе жазбаша мәлімдеу арқылы ескертуі керек. Сол кезде кеден қызметкері белгіленген мөлшерден артық валютаны заңды бұзбағандық деп танып, кері қайтаруға немесе уақытша сақтауға қалдыруға мүмкіндік береді.
Сондықтан да жеке тұлға кедендік шекарадан көлемі 10 мың АҚШ долларынан асатын валютаны жасырып немесе кедендік жолаушылар декларациясында мәлімдемей өтетін болса, бұл жағдай кеден ережесін өрескел бұзу фактісі болып табылады. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Әкімшілік-құқық бұзу туралы кодексінің 551 бабының 3 тармағы бойынша (тауарларды, қолма-қол ақшаны, жол чектерін немесе құжаттық құнды қағаздарды декларацияламау немесе дұрыс кедендік декларацияламау)әкімшілік жазаға тартылады. Ал енді жеке тұлғалар тарапынан кедендік тексеруден жасырып өткізуге әрекеттенген валютаның жалпы сомасы10 мың айлық есептік көрсеткіштен (36 920 000 теңге)асып кететін болса, бұндай фактілерҚазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 234 бабы (экономикалық контрабанда) бойынша құқық бұзушылық деп танылып, қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Сонымен қатар 2024 жылдың 5 шілдесінде «Қазақстан Республикасында Әкімшілік-құқық бұзу туралы Кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» №114-VIII Қазақстан Республикасы Заңы негізінде аталмыш Кодекстің 551 бабына біраз өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Мысалы, осы заң күшіне енбегенге дейін жеке тұлғалар кедендік шекарадан белгіленген 10 мың доллардан артық (10 мың айлық есептік көрсеткішке жетпесе әкімшілік құқықтық жауапкершілік болып табылады) валютаны алып өтіп бара жатқан кезде ұсталған болса, аталмыш кодекстің 551 бабының 3 тармағы бойынша кеден органының лауазымды тұлғасы тарапынан 10 айлық есептік көрсеткіш (36920 теңге) көлемінде айыппұл салынып, жасырып өтпекші болған валютаны кері қайтарып алуға құқылы болатын. Ал енді Әкімшілік құқық бұзу туралы Кодекске енген жаңа өзгерісталаптары бойынша бұндай жағдайларға мүлде қатаң тыйым салынып отыр. Яғни, бұдан былай валюта алып өту ережесіне байланысты әкімшілік-құқық тәртібін бұзу туралы істі қарау кеден органы емес, сот органының құзырына жататын болды.
Енді нақтылы дәйектемелерге жүгінейік. Мысалы, жеке тұлға кедендік шекарадан кедендік жолаушылар декларациясында мәлімдемей, жасырын түрде 20 мың доллар алып өтіп бара жатқан сәтте ұсталды делік. Заң талаптары бойынша бұл жерде 20 мың доллардың 10 мың доллары белгіленген нормадан артық, яғни заңсыз алып өтіп бара жатқан болып табылады. Бұндай жағдайда Қазақстан Республикасы Әкімшілік-құқық бұзу туралы Кодексінің 804 бабының талаптары негізінде кеденнің лауазымды тұлғасы тарапынан тиісті хаттамалар мен басқа да процессуальдық құжаттар толтырылып, іс соттың қарауына тапсырылады.
Осы орайда «Сот тарапынан қандай шешім шығарылуй мүмкін?» деген заңды сұрақ туындайтыны ақиқат. Атап айтсақ, Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзу туралы Кодекстің 551 бабының 3 тармағының талаптарына сәйкес, соттың шешімімен 10 мың АҚШ доллары көлеміндегі валютаны жасырып алып өтпекші болған жеке тұлғаға ұсталған валютаның теңгеге шаққандағы сол күнгі Ұлттық банктің валюта бағамы бойынша 25 пайызы көлемінде айыппұл салынып (2500 доллар), құқық бұзу обьектісі болып табылатын10 мың доллар көлеміндегі валюта түгелдей тәркілеуге жатады.Яғни, 25 пайыз айыппұлды қосқан кезде жалпы көлемі 12500 АҚШ доллары көлемінде залал шегеді. Міне, сондықтан да шетелге жиі саяхатқа шығатын жеке тұлғалар осындай шектеулерді қаперде ұстағандары абзал.
Өкінішке орай, валюта алып өту тәртібіне байланысты заңнамаға тиісті өзгерістердің енгізілгеніне екі жарым жылдан асса да, кедендік шекарадан өтер кезде валюта алып өту тәртібін бұзушы жеке тұлғалар мен кейбір бизнес өкілдерінің заңсыз әрекеттері әлі де азаяр емес. Мысалы, Жетісу облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті шекара маңы халықаралық ынтымақтастығы орталығы (МЦПС) «Қорғас» кеден бекетінде 2024 жылдың он бір айы ішінде шетелге заңсыз валюта алып өтудің 166 фактісі әшкереленіп, нәтижесінде 3 350 642 АҚШ доллары ұсталды. Оның ішінде 1 690 642 доллары белгіленген нормадан артық өткізілген болып шықты.Сондықтан да «Артық болмас білгенің» дегендей, валюта мәселесі бойынша қойылғанқатаң шектеулерге байланысты қалам тербеуді жөн деп санадық.
Қорыта айтқанда, біз аталмыш мақалада негізінен шетелге валюта алып өту тәртібіндегі шектеулер жөнінде сөз еттік. Енді сөз соңында біздің елімізге валюта әкелу мәселелері бойынша ешқандай шектеулер жоқ екендігі туралы да айта кеткеніміз артық болмас.Себебі, біздің елімізге валютаның көптеп келуі мемлекетіміздің инвестициялық климатына және туризм кластеріне жақсы жағынан әсер ететін жағымды факторлардыңбірі екені сөзсіз.Мысалы, Қазақстан Республикасының аумағына сапарлап келген кез-келген жеке тұлға (резидент немесе резидент емес) кедендік шекарадан ешбір шектеусіз валюта алып келуге құқылы. Ал енді шетелден алып келген валюта көлемі белгіленген мөлшерден көп болатын болса, жазбаша түрде кедендік жолаушылар декларациясында мәлімдеп, кеден органында тіркеткен абзал. Өйткені,бұл мәліметтеркедендік статистика талаптары бойынша елімізге келіп жатқан валюта ағымы жөніндегі ақпараттарды дұрыстап саралауға мүмкіндік беретін елеулі факторболып табылады және жеке тұлғалар мен басқа да бизнес өкілдері үшін қолдағы валютаның заңдылығын дәлелдейтін заңды құжат ретінде танылады.
БЕКЕН НҰРАХМЕТОВ, Жетісу облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті «Алтынкөл-жол» кеден бекеті басшысының орынбасары.