«Жетісу» өлкетанушылар орталығы» қоғамдық бірлестігінің баста-масымен Сарыбұлақ ауылы маңындағы жартас суреттеріне арналған пресс-тур ұйымдастырылады. Бұл шара қазақ даласының терең тарихы мен мәдениетінен сыр шертетін петроглифтердің құндылығын насихаттауды мақсат етеді. Сарыбұлақ шатқалы мен оның айналасындағы Ашутас және Малайсары таулары қола, сақ және түркі кезеңдерінен бері халық жиі қоныстанған аумақтардың бірі ретінде белгілі. Мұнда бұғы, таутеке, қозғалыстағы жыртқыш аңдар, сонымен қатар алауды қоршап би билеген немесе аңшылықпен айналысқан адамдардың бейнелері сақталған. Бұл суреттер – сол замандардың әлеуметтік өмірі мен дүниетанымын айғақтайтын бірегей жәдігерлер.
Сарыбұлақ жартас суреттерінің негізгі топтамалары:
1. Жөңкебай жартас суреттерінің шоғыры
Ашутас тауының солтүстік-батыс бөлігінде орналасқан Сарыбұлақ шатқалының ерекше жартас суреттері.
2. Тесіктас табиғат ескерткіші маңы
Малайсары тауының солтүстік беткейіндегі беті тегіс жартастарға қашалған қола, сақ, түркі кезеңдеріндегі суреттер.
3. Жапанқұдық қонысының аумағы
Тарихи шоқыдағы көне бейнелер – бұл жердің ежелгі тұрғындарына тән көркемдік ізденістердің көрінісі.
Қазақстан аумағында 1000-нан астам петроглиф шоғыры анықталғанымен, Сарыбұлақ ауылының іргесіндегі бұл жәдігерлер ғылыми тұрғыдан толық зерттелмеген. Жергілікті халық «Тесіктас» және «Үңгірқора» деп атайтын табиғат ескерткіштері ұлттық мұрағатқа енгізуді қажет етеді.