Қазақстанның Жетісу облысы мен Қытай Халық Республикасының Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы арасында бауырластық орнату туралы келісімнің аясында «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының Қытай жағындағы бөлігінде «Қорғас» ШЫХО қызметін үйлестіру механизмінің өңірлік деңгейдегі бірінші отырысы өтті. Жиын аясында «Қорғас» трансшекаралық туристік аймағын бірлесіп құру жөнінде Меморандум жасалды.
Еске салсақ, Қазақстанның Жетісу облысы мен Қытай Халық Республикасының Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы арасында осыдан бір жыл бұрын «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының қызметін үйлестіру механизмін құру жөніндегі құжат қабылданған болатын. Аталған механизмнің бірінші рет өткізіліп отырған өңірлік деңгейдегі алғашқы отырысына екі елдің аталған өңірлерінің ресми делегациялары қатысты.
Жиында екі жақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.
Бұл ретте жетісулық ресми өкілдер Қытайдан ТМД елдеріне, Еуропа мен Азияға шығатын маңызды бағыттардың қиылысында орналасқан экономикалық өсудің екі нүктесінің бірі Қорғас бағытын дамыту мәселесіне ерекше назар аударды. Соның ішінде «Нұр жолы» өткізу пунктінің, «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағының және «Қорғас» ШЫХО-ның маңызы зор. «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағында «KTZE-Khorgos «KTZE-Khorgos Gateway» құрғақ порты жобасы жүзеге асырылып, қазіргі таңда Қытай инвесторларының қатысуымен индустриялық парктің құрылысы жоспарлануда. Сонымен қатар арнайы экономикалық аймақ аумағында құны 250,0 млрд. теңгені құрайтын жүк және жолаушылар әуежайының құрылысы бойынша Қазақстан-Германия бірлескен жобасын іске асыру көзделген.
Сол сияқты «Нұр жолы» өткізу пунктінде инфрақұрылымдық және өткізу қабілетін арттыру жұмыстары белсенді жүргізілуде. Электронды кезек жүйесі енгізіліп, жұмыс тәулік бойғы режимге көшті, нәтижесінде өткізу қабілеті екі есеге артып, күніне 800-ден 1600 көлікке дейін ұлғайды.
«Қорғас» ШЫХО-да жүктерді қабылдау пункттері мен рентгендік тексеру автоматтандырылды, қабылдау пункттерінің саны 6-дан 9-ға ұлғайтылып, жүк легі 40% артты. Соның нәтижесінде бұрын орталыққа күніне орта есеппен 2500 адам келсе, бүгінде келушілер саны 6000 — 8000-нан асады.
Бұл ретте облыс әкімінің орынбасары Әсет Қанағатовтың айтуынша, орталықтың инфрақұрылымын жақсарту кезең-кезеңімен іске асырылып жатыр. Мәселен, кварталішілік жолдарды және кәріздік сорғы станциясының бірінші кезеңін күрделі жөндеуге жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Сонымен қатар газ құбырын салу жұмыстары басталып кетті.
Сондай-ақ Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық байланыстарды жетілдіру жайын айта келе, жетісулық тарап сауда рәсімдерін жеңілдету үшін ынтымақтастық орталығында бірлесіп зертхана салу, шекаралық аймақта заңдылықтың сақталуына бірлесіп жұмылу, «Қорғас» ШЫХО жұмысына қатысты екі жақты ақпарат алмасу сияқты мәселелерді көтерді.
Осыған қатысты қытайлық тараптан Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы ауданының Халық үкіметінің төрағасы Эркин Тунияз ұсыныстарды бірлесіп қарауға дайын екендіктерін айтты. Сол сияқты Қытай делегациясы өкілдері Қазақстандағы «Қорғас» ШЫХО-да инфрақұрылым құрылыстарына, трансшекаралық электрондық коммерцияны және бизнестің басқа да форматтарының аясын кеңейтуге қолдау көрсету, ынтымақтастық орталығының аумағында екінші өткел ашуға ықпал ету, сол сияқты шекаралық аймақта туристік ынтымақтастықты дамыту туралы ұсыныс білдірді.
Сондай-ақ жиын соңында екі мемлекет басшыларының бірлескен бастамаларының лайықты іске асырылуына бар күш-жігерлерін салатынын айтқан қос тарап бұл кездесу екі жақты сауда-экономикалық, мәдени-туристік, ғылыми-техникалық, сол сияқты ауыл шаруашылығы бағытындағы байланыстарды тереңдете түсетініне сенім білдірді.
«Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының қызметін үйлестіру механизмінің өңірлік деңгейдегі бірінші отырысының қорытындысында тараптар «Қорғас» трансшекаралық туристік аймағын бірлесіп құру жөнінде» Меморандумға қол қойды. Соның негізінде тараптар ынтымақтастық аймағы аумағында туристік жобаларды ілгерілетуде ынтымақтасуға, әрбір тараптың туристік бағыттарды әзірлеудегі міндеттерін айқындауға, сондай-ақ туристерді тартуға бағытталған көрме, туристік фестиваль, форум сияқты іс-шаралар ұйымдастыруға ниетті.
Жиыннан соң жетісулық ресми делегация ынтымақтастық орталығындағы Автокөлік көрме орталығына барды. Бұл орталықта Қытайдан шығатын автокөліктер мен оған қажетті түрлі бөлшектер саудаланады. Қытайлық тарап мұндай көліктерге қызмет көрсететін сервистік орталықты қажет жағдайда Жетісу облысынан ашуға болатынын жеткізді.
Бұдан әрі ауыл шаруашылығы өнімдерін инспекциялайтын карантиндік зертхананың салынып жатқан құрылысы көрсетілді. Белгілі болғандай, бұл нысан екі ел арасында ортақ техникалық стандарттың жұмыс істеуіне, яғни қазақстандық аграрлық өнімдердің тексеруден өткізіліп, экспортталуына жол ашпақ. «Бір өнім – бір сертификат» принципі негізінде бұл зертхананың сертификаты екі елге де жарамды болады. Бұл нысан 2025 жылы пайдалануға беріледі.
Сондай-ақ ынтымақтастық орталығы аумағындағы екінші өткел салынатын орын белгіленген. Қытайлық тарап құрылысын жүргізетін бұл өткел екі елдің сауда айналымының ұлғаюына оң ықпалын тигізетін болады.
Жалпы «Қорғас» ШЫХО-дағы инфрақұрылымды жақсартудың нәтижесінде орталыққа тартылған инвестициялардың жалпы көлемі қазақстандық бөлікте 2023 жылмен салыстырғанда 87%-ға ұлғайып, 256 млрд. теңгені құрады. Инвесторлар саны 19-дан 31-ге өсіп, іске асырылатын жобалар саны 26-дан 41-ге дейін жетті. Қазіргі уақытта жалпы құны 13,3 млрд. теңге болатын, 150 жұмыс орнын құрған 6 жоба толық пайдалануға берілді. Сонымен бірге жыл соңына дейін алаңы 8 мың шаршы метр, құны 3 млрд. теңге болатын сауда орталығын ашу жоспарлануда. Оған қоса 2027 жылға дейін құны 240,0 млрд. теңге болатын тағы 34 жобаны іске асыру межеленген, соның нәтижесінде 2 мыңнан астам жұмыс орны ашылады.
Еске салсақ, өткен жылдың сәуірінен биылғы қарашаға дейін «Қорғас» ШЫХО-ға 2,4 млн. адам келді, 36,7 мың тонна жүк тасымалданды, 217,4 млн. теңге сомаға кедендік төлемдер төленген.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.