Бүгінде ұлттық өніммен, қолдан жасалған бұйымдарға деген сұраныс өте жоғары екендігін аңғаруға болады. Қазіргі таңда төл өнерімізді ту етіп жүрген жастарымыздың қатары да аз емес. Соларға үлгі-өнеге көрсетіп жүрген еліміздегі ең қарт аламаншы-құрақшы Талдықорған қаласының тұрғыны Тұмарбала Сәлекеева.
Ел ішінде Томатай апа атанып кеткен әжеміздің жасы 90-ға таяп қалсада әлі күнге дейін қолынан ине-жібі түспей құрақ көрпенің түр-түрін тігуде. Табанды еңбегінің арқасында ақ жаулықты анамыз Гиннес рекордтар кітабына еніп, көлемі 11 мың 200 шаршы метр көрпе тігіп, тарихта қалған Жетісулық шебердің бірі. Томатай апа қосағы Серік Сәлекеевпен ауыл шаруашылығында еңбек етіп, 7 перзентті өмірге әкеліп, бүгінде қыздары ана жолын жалғап, ине жіпті серік еткен. «Жастайымнан құрақ құрап, киім тігіп өстім. Ертеден ата-бабамыз құрақ көрпені қасиетті санаған ғой, мал-жан құралады, қазақтың басы құралады, береке бірліктің символы санаған. Сол үрдісті құлатпай әлі күнге дейін құрақ құрап, білген түйгенімді қыздарыма, немерелеріме үйретіп келемін. Төл өнеріміз ешқашан ұмыт қалмауы қажет, оны кеңінен жандандыру біздің перзенттік парызымыз деп білемін», — деді ең қарт құрақшы апа.
Тұмарбала апа Астанада өткен 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында «Аламан құрақ» жобасына қатысқан ең қарт шебер болды. Бір түсте, бір техникамен тігіліп, Астана төрінде жайылған 450 көрпенің бірі Тұмарбала апаның туындысы болды.
Айта кетейік, Томатай апа 2025 жылы Алматы қаласында өтетін тағы бір «Аламан құрақ» байқауына қатыспақ. Оған еліміздің әр өңірінен 300-ге жуық шебер бас қоспақ.
Талдықорған қаласы әкімінің баспасөз қызметі