Денсаулық сақтау министрі жұмыс сапарымен Талдықорғанға келді

5

ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Жетісу облысына жұмыс сапары барысында өңірдің бірқатар медициналық нысандарын аралады. Өңірлік денсаулық сақтау басқармасының ұжымдары және дәрігерлерімен бірге медициналық көмектің басым бағыттарын талқылап, проблемалық мәселелерге ерекше назар аудара отырып, оларды шешуде Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан қандай қолдау керектігін анықтады.

Министр ең әуелі «Асар» спорттық-оңалту кешеніне барып, жұмыс бағытымен танысты. Орталықта массаж, логопедия, физиотерапия, кинезотерапия, механотерапияны  қоса алғанда, оңалту  аппараттарының 30-дан астам түрі бар. Мұнда  тірекқимыл жүйесінің бұзылуынан, омыртқа жарақаттарынан, инсульттан қалпына келтіруге және церебралды сал ауруы диагнозы қойылған науқастармен жұмыс істелінеді. Әрбір пациентке бағытталған жеке тәсіл мен кешенді қолдау көрсетіледі. Ақмарал Шәріпбайқызы «Бірлескен күш-жігермен біз жергілікті жерлерде медициналық көмектің сапасын арттырып, әрбір тұрғынның денсаулығын жақсарта алатынымызға сенімдімін»-деп орталық басшысының талап-тілектері ескерілетінін, мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетінін атап өтті. Бұдан әрмен халық қалаулысы Талдықорған қалалық көпбейінді аурухана, перинаталдық орталық ұжымымен, қала тұрғындары және журналистер қауымымен кездесті. Министр аурулардың профилактикасы және алдын алу, сондай-ақ созылмалы науқастарды диспансерлеу,  шұғыл жағдайларды болдырмау мақсатында жоспарлы емдеуге уақытылы жіберу мәселелеріне баса назар аударды. Сонымен қатар, жиын барысында  медициналық көмек көрсетудің сапасы, стандарттардың сақталуы,  жаңа енгізіліп жатқан талаптар мен бағдарламалар сынды бірқатар өзекті мәселелер талқыланды. Бүгінгі таңда денсаулық сақтау жүйесінің басым бағыттарының бірі халыққа сапалы және қолжетімді медициналық көмек көрсету болып табылатынын ескертіп, жеке қабылдау аясында тиісті мекеме басшыларына тапсырма жүктеді.

Айта кетейік, Жетісу облысында медициналық кадрлардың тапшылығы проблемасын шешу үшін биылдан бастап көтерме ақы төленеді. Енді өңірге келген дәрігерлер ауылдық жерде жұмыс істейтін болса, 10 млн. теңгеден және қалада жұмыс істеген жағдайда 5 млн. теңгеден алады. Денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, өткен жылы өңірде дәрігерлік кадрлардың тапшылығы 8%-ға төмендеген. Жыл басынан бері облысқа 80-ге жуық маман келді. Жетісу облысында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 59 нысанның құрылысы басталды. Жалпы өңірде қабылданған шаралардың арқасында соңғы 2 жылда денсаулық сақтау нысандарын жаңарту деңгейі 50% -дан асты.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз