Елімізде 1993 жылы 15 қарашадан бастап айналымға ұлттық валюта – теңге енгізілді. Осы күннен бастап еліміз өзінің төл теңгесіне, ұлттық валютасына ие болды. Бұл ұлттық валютамыз тәуелсіз еліміздің негізгі айғағы ретінде экономикалық егемендікті қамтамасыз етті. Ақша-кредиттеу саясатын жүргізуге және жаңа реформаларды кеңінен дамытуға ықпалын тигізді. Ал, 1997 жылы 15 қараша – төл валютамыздың туған күні әрі қаржыгерлер күні болып белгіленген болатын.
Бүгін облыс орталығы Талдықорған қаласында қаржы саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай өткен салтанатты шараға қала әкімі Е.Бәзіл қатысты.
Салтанат сарайындағы шара шымылдығын қала әкімі Ернат Бәзіл ақжарма тілегімен ашып, қаржы саласында қажырлы еңбек етіп, өңірдің дамуына өзіндік үлестерін қосып жүрген жандарға шынайы алғысын білдірді.
«Қымбатты қаржы саласының қызметкерлері!Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен құттықтай отырып, өзімнің шынайы алғысымды білдіремін! Бүгінгі қоғамда, ақша айналымын еркін қамтамасыз етіп, оны жұмсай алу және қаржылық сауаттылық әрбір азамат үшін маңызды.
Сонымен қатар, мемлекет үшін, елдегі қаржы нарығын тұрақты ұстап, ақша қорын қалыптастыру, қаржы органдары мен қызметкерлерінің жауапкершілігінде. Еліміздің дамуы жолындағы еңбектеріңізге табыс, мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін!»- деді.
Салтанатты шара аясында, қаржы саласында еңбек етіп жүрген 40-қа жуық қызметкерге облыс және қала әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты табыс етілді. Сондай-ақ, осы салада 30 жылға жуық табанды еңбек етіп келе жатқан Жетісу облысы бойынша қазынашылық департаменті Сарқан аудандық қазынашылық басқармасының басшысы Ғалия Орынова «Қаржы қызметінің үздігі» төсбелгімен марапатталды. Жетісу облысы бойынша Қазынашылық департаментінің басшысы А. Сансызбаев, «Қазақстан Халық банкі» АҚ Жетісу облыстық филиалы директорының орынбасары А.Байбатқалова әріптестерін мерекеге орай құттықтап, жылы лебіздерін білдірді. Өңір өнерпаздары әуезді әндерді кеш қатысушыларына тарту етті.