Жетісудың шекаралық Панфилов ауданында 1200 орынды алғашқы жайлы мектеп пайдалануға берілді

126

Бүгін Жетісу облысының Панфилов ауданы Жаркент қаласында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған 1200 орынды жаңа мектеп пайдалануға берілді.

Мектептің ашылу салтанатына Жетісу облысы әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов, ардагер ұстаздар, мектеп ұжымы, ата-аналар мен оқушылар, аудан жұртшылығы қатысты.

— Бұл – Президент тапсырмасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған облысымыздағы алғашқы білім ошағы. Панфилов ауданы – облыстағы оқушы саны көп аудандардың бірі. Жаңадан пайдалануға беріліп отырған бұл мектепке Жаркент қаласының бала саны көп 9 мектебінен 1100 жуық бала қабылданып отыр. Осындай замануи мектепте біліммен сусындайтын оқушылар облысымыздан топ жарып шығатынына сенімім зор. Мектеп ұстаздарына еліміздің болашақ білімді, еңбекқор патриоттарын тәрбиелеу жолында сәттілік тілеймін! — деді Д. Есдәулетов.

Жаңа да жайлы мектептің ашылғанына ата-аналар да қуанышты.

— Біздің Жаркент қаласына осындай жайлы мектеп салып бергендеріңіз үшін барша ата-аналардың атынан алғыс айтамыз. Менің қызым қазір 11 сыныпта оқиды. Балалардың ҰБТ-ға, емтихандарға сапалы дайындалуына мұнда барлық мүмкіндіктер жасалған, оқу залдары бар кітапханасы, материалдық базасы мықты пән кабинеттері – бәрі де оқушылардың сапалы білім алуына өзінің үлкен ықпалын тигізеді деп ойлаймын, — деді ата-аналар комитетінің төрағасы Айдар Бектемірұлы.

Мұнан соң мектептің лентасы қиылып, жиналған көпшілік жаңа ғимараттың ішін аралап көрді.

Мектеп заманауи талапқа сай жабдықталған. Мұнда 64 кабинет болса, оның 6-ы жаңа модификациялық кабинет, соның ішінде химия, физика, биология, робототехника, STEAM кабинеттері, нано технология т.б. бар. Жалпы барлық пән кабинеттері қажетті әдістемелік, техникалық құралдармен жабықталған. Сонымен қатар ағаш, металл, тігін және басқа да шеберханалар қарастырылған. Акт залы, 2 оқу залы бар кітапхана, 230 орынды асхана, 2 спорт залы, 1 би залы оқушылардың игілігіне қызмет етеді. Оған қоса оқушылардың оқу құралдарына, киімге арналған жеке шкафтар, сондай-ақ кітап оқуға, балалардың шығармашылық дамуы мен демалуына коворкинг аймақтар қарастырылған.

Мектеп директорының міндетін атқарушы Айгүл Дарубаеваның айтуынша, қазіргі кезде мектепте 46 жиынтық класс ашылған. Жаркент қаласындағы бала саны көп тоғыз мектептен сыныптар жетекшілерімен бірге ауысып келген. Бүгінгі күні педагогтер үшін 30 бос орын, техникалық  қызметкерлерге 20 орынға конкурс жарияланып, жұмысқа қабылдану үстінде.

— Мектептегі физика, химия, биология және робототехника пәндері бойынша заманауи кабинеттерде touch-экрандар орнатылып, мектептің кез келген жерінен жылдамдығы жоғары интернетке қосылу мүмкіндігі беріледі. Ерекше білім алуды қажет ететін балаларға тиісті жағдайлар жасалған. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары мектепте бөлек блоктарда оқиды. Ғимаратта балалар үшін бейнебақылау, дыбыстық хабарлау және басқа да күшейтілген қауіпсіздік шараларына арналған жабдықтар орнатылған, — дейді А. Дарубаева.

Жалпы биыл облыста 5 мектептің құрылысы жүрді.  Бұған дейін осы оқу жылында Көксу ауданы, Қаратал ауылында 120 орынды мектеп іске қосылған болса, жыл соңына дейін Ақсу ауданы, Көшкентал ауылында 180 орынды жаңа мектеп ашылады. Ал қалған 2 мектеп, яғни Алакөл ауданы, Достық ауылындағы 600 орынды және Панфилов ауданы, Талды ауылындағы 300 орынды мектептер 2025 жылғы жаңа оқу жылында іске қосылады деп жоспарланған.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз