ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТКЕ АДАЛДЫҚ

85

1949 жылдан бастап ядролық сынақ тоқтағанға дейін Семей полигонында әскери міндетін атқарған азаматтардың барлығын-батырларымыз десек, артық айтпаймыз. Жер асты, жер үсті сынақтары табиғатпен қоса адамдарға да аса ауыр зардабын тигізді. Алапат аймақтан аман қайтқан азаматтар туралы біздің басылым бірнеше рет жариялады. Алдағы уақытта да ортамызда жүрген ардагерлерімізді «Семей полигоны» мүгедектер және ардагерлер ұйымының Жетісу өңірі бойынша төрағасы Толыбек Данабековтың қолдауымен жас ұрпаққа таныстыруды жалғастыра береміз.

Жамбыл облысының Мойынқұм ауданы, Мыңарал стансасында тұратын Мұхтар Ақыновтың шаңырағында 1963 жылы дүниеге келген Берікбай, сәби кезінен-ақ алғырлығымен, адалдығымен үлкендердің көз қуанышына айналды. Ата-анасы жұмыс бабымен Жетісу өңіріне бет алып, Куйбышев ауылына қоныстанғанда 1970 жылы алғаш мектеп табалдырығын аттаған Берікбай сегіз жылдан соң орта мектепті аяқтап, туған жері – Мойынқұм ауданындағы кәсіби техникалық училищесіне оқуға түседі. Араға үш жыл салып, қалаған мамандығын игеріп қайтқан жас, бірден Талдықорған индустриалды-педагогикалық техникумына баруға бел буған еді. 1981 жылы арманы орындалып, оқуға қабылданған жас жігіт сол жылы әскер қатарына шақырылады. Отан алдындағы азаматтық міндетін Семей өңіріндегі әскери бөлімшенің бірінде өтеген Берікбай Мұхтарұлы өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын адал азамат екендігін көрсете білді. Атомның асқан уыты денесін шарпып жатқанын сезбеді де. Оның зардабын кейін тартарын қайдан білсін. Бар санасы, ойы-азаматтық борышын адал атқару болды. 1983 жылы әскерден орала сала техникумдағы оқуын жалғастырып, 1987 жылы дипломын қолына алып, жұмысқа араласып кетті. Сол жылы отбасын құрып, бүгінде 3 баласынан өрбіген немерелерінің ортасында бақытты ғұмыр кешуде.

Берікбай Ақынов:

– Бүгінгі ұл-қыздарымыз ертеңгі ел тұтқасын ұстар азаматтар. Сондықтан да, отбасынан оларды адалдыққа, жауапкершілікке тәрбиелесек, нағыз Отанын сүйетін патриот болып қалыптасары сөзсіз. Ердің атын – еңбек шығарады демекші, ерінбей елімізге, жерімізге қызмет ету-борышымыз.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз