Облыс бойынша қант қызылшасын 597 шаруашылық септі. Жалпы 615 мың тонна қызылша жиналады деп күтілуде, өндірілген өнімнің 250 мың тоннасы «Көксу қант» зауытына, 365 мың тоннасы «Ақсу қант» зауытына өткізу жоспарланған. Бүгінгі күнге 403 мың тонна өнім алынды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен баспасөз мәслихатында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрдәулет Кененбаев, «Көксу қант зауыты» ЖШС директоры Алтынбек Абатов, «Ақсу Қант» директоры Самат Надирбаев баяндады.
Н.Кененбаев «Бізде қант қызылшасының себілуінен бастап, жиналуына дейін барлық процес ойластырылған. Қызылшаны қазу жұмыстары жалпы 103 комбайнмен басталған. Оған қосымша өнімді жинап алуға бюджеттен қаражат бөлініп, 19 жапырақ жинағыш пен 20 комбайн сатып алынып, шаруаларға таратылды. Қазір 13 700 гектар алқаптың қалған 5,1 мың гектарында жүріп жатқан қазу жұмыстарын қараша айының 20-сына дейін аяқтауға толық мүмкіндігіміз бар»-деп атап өтті. Спикерлердің айтуынша техника кептелісін азайту мақсатында және шаруашылықтардың сұранысы бойынша «Көксу қант» зауытына тәтті түбірді өткізу графигі өзгертілді. Қазіргі уақытта, ірі аудандарға қант қызылшасын өткізуге екі күннен беріледі, қалған аудандар күнделікті өткізеді. «Ақсу қант» зауыты бүгінгі күнге Ақсу, Алакөл, Сарқан шаруашылықтарын қабылдап жатыр, 1 қарашадан бастап облыстың өзге де аудандарын қабылдай бастайды. Жалпы қант қызылшасын жинау және өткізу мәселелері облыстық жедел штабтың тұрақты бақылауында. Мамандардың мәлімдеуінше бұл негізде алаңдауға еш себеп жоқ, ағымдағы ауа райы да қолайлы болып тұрғанын баса айтты. Қажеттілік туындаса зауыттар желтоқсан айына дейін қабылдауға әзір. Бастысы шаруалар өнімдерін жинап, қабылдау пунктіне жеткізсе болғаны.