Журналистер үйінде өткен баспасөз жиынына келген ҚР су ресурстары және ирригация министрлігінің «ҚазСуШар» шаруашылық жүргізу құқығындағы РМК Жетісу филиалының директоры Құдайбергенов Саят Үсенұлы атқарылған жұмыстары турасында баяндады.
Спикердің айтуынша, Жетісу облысы республиканың ірі аграрлық өңірлерінің бірі. Аталмыш мекеме өңірдің су ресурстары мен су шаруашылығы объектілерін нысаналы пайдалану, тұтынушыларға суармалы суды жеткізіп беру, суармалы жерлерді суару жүйелері мен су қоймалары арқылы суармалы сумен қамтамасыз етеді. Қазіргі уақытта су қоймалары жоспарлы кестелерге сәйкес жұмыс істеді.
Қазіргі таңда филиалдың балансында Жетісу облысы мен Алматы облысының аумағында орналасқан 9 су қоймасы, 12 су торабы және 3 бөгет, сондай-ақ 5102,9 км магистральдық, тарату арналары мен коллекторлық-дренаждық желілер бар. Ағымдағы вегетациялық кезеңде суармалы сумен қамтамасыз етуде проблемалар болған жоқ, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер суармалы сумен толық қамтамасыз етіп келеді.
Осылайша, вегетациялық кезеңде суармалы су беруге бекітілген жоспар көлемі 1 007 543,7 мың текше м орындалып 146 592 гектар жер суарылды.
Су қоймаларындағы су көлеміне күнделікті мониторинг жүргізіледі, мәселен, Ақешкі, Алмалы және Ащыбұлақ су қоймаларының жұмыс режимі қалыпты.
Филиал жыл сайын аудан әкімдіктеріне және облыстың «Ауыл шаруашылығы басқармасы» ММ ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
Осы жылғы қазан айының соңына дейінгі кезеңіне ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен суармалы су беру жөніндегі қызметтерге – 8088 дана шарттар жасалды, су беру көлемі – 1 008 543,7 мың текше м суару жерлер – 129 815,1 га құрады.
Барлық өндірістік учаскелерде суармалы су су тұтынушылардың өтінімдеріне сәйкес беріліп, вегетация қалыпты режимде өтуде.
Жыл сайын филиал мамандары суару желілеріне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Айталық, 204,9 шақырым ұзындықтағы арналарды механикаландырылған тазарту жасалып, 22 гидротехникалық құрылыстар мен 21 гидрометриялық бекеттер жөнделді.
Сондай-ақ облыс бойынша су шаруашылығы жүйесін жақсарту бойынша бірқатар іс-шаралар жүргізілуде.
Ескелді ауданындағы Алмалы, Ақешкі, Ашыбұлақ су қоймаларын, Алакөл ауданындағы Тентек өзеніндегі су тарту су торабын, Ақсу ауданындағы Биен өзеніндегі су торабын, Қаратал ауданындағы Үштөбе магистральдық каналын қайта жаңартуға жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде;
Ал Ақсу, Алакөл, Ескелді, Панфилов аудандарында жаңа су қоймаларын салуға техникалық-экономикалық негіздеме әзірлену үстінде. Мұнан өзге «Көксу ауданының суару желілерін реконструкциялау» жобасы жүзеге асырылуда. Мамандар тапшылығы, суды тиімді пайдалну турасындағы сұрақтар Саят Үсенұлы тұщымды жауап қайтарды.