Қала әкімі «Береке» коттеджді қалашығындағы құрылыс жұмыстарын тексерді

96

Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл мен ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаментінің басшысы Саян  Ахметжанов «Береке» коттеджді қалашығына барып, құрылыс нысандарында тексеру жұмыстарын жүргізді. Тұрғын үйлердің сапасы, газ, сумен жабдықтау желілерінің құрылыс барысымен танысып, мердігер ұйымдарға жөндеу жұмыстарын әрдайым бақылауда ұстауды тапсырды.  

Айта кетейік, аталмыш аймақтағы бірқатар баспананы салу жұмысы шарттық міндеттемелер бойынша орындау мерзімі бұзылған және жұмыстың сапасыз орындалуы, тиісінше мемлекет қаражатын ұрлау қаупі бар әлеуметтік және стратегиялық объектілер қатарына енген. Сәйкесінше облыстық сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасына кірді. Уәкілетті органдармен бірлесіп құрылыс жұмыстарына мониторинг жүргізе отырып, объектілерге жұмыс сапарлары жүйелі түрде ұйымдастырылып келеді. Ал, құрылысы аяқсыз қалып, күні бүгінге дейін созылған іс бойынша айыпталушылар қылмыстық Кодекс бойынша жазаға тартылды. Ернат Дүйсенбекұлы «Баршаға мәлім, бұл іс бойынша қылмыстық іс қозғалды. 600 млн теңге көлемінде мемлекетке шығын келтірілді. Жыл басынан мердігер компаниямен шартқа отырып, сараптамадан өтіп, жұмыс қайта басталды. Ағымдағы жылға жоспар бойынша 97 коттедж салынуы қажет. Қараша айында 25 үй қолданысқа беріледі. Одан әрмен кезең-кезеңімен үй кезегінде тіркеуде тұрған көпбалалы, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға, ҰОС ардагерлері, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға берілетін болады»-деп атап өтті.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз