«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде Жетісу облысында 59 медициналық нысан салу жоспарланса, соның 11-і Панфилов ауданында тұрғызылады, атап айтқанда 9-ы биыл пайдалануға беріледі, 2-еуі – келесі жылға өтпелі жоба. Бұл туралы бүгін аудан тұрғындарымен болған кездесу барысында облыс әкімі Бейбіт Исабаев айтты.
Қазіргі таңда барлық нысандар бойынша мердігер ұйымдар айқындалып, құрылыс жұмыстары басталды.
— Жыл соңына дейін Қырыққұдық, Алтыүй, Алмалы, Тұрпан, Ақжазық, Қорғас, Сұптай, Сарытөбе, Аққұдық ауылдарында 9 нысанды қолданысқа береміз, Садыр, Дихан-Қайрат ауылындағы қалған 2 нысанда құрылыс жұмыстары келесі жылы жалғасады, — деді Б. Исабаев.
Жиында айтылғандай, жергілікті бюджет есебінен былтыр Ақкент және Ақарал ауылдарында блокты-модульді медициналық пункттер, сондай-ақ Жаркент қаласында жедел және шұғыл көмек станциясы орнатылса, осы жылы қарашаның соңына дейін Қызылжиде, Керімағаш ауылдарында осындай тағы екі медициналық пункт орнатылып, қолданысқа беріледі.
Сондай-ақ биыл шілдеде Жаркент қаласындағы көпсалалы ауданаралық аурухананың күндізгі стационарының күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Осы айдың соңында Шежін ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт пайдалануға беріледі. Әулиеағаш, Нұркент және Алтыүй ауылдарына 3 санитарлық автокөлік сатып алынды. Ал жылдың соңына дейін ауданның орталық ауруханасы медициналық
құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіледі.
Сонымен қатар «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Нәдек ауылында бір ауысымда 25 адам қабылдайтын дәрігерлік амбулатория салынып жатыр, нысан 2025 жылы пайдалануға беріледі.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.