Жетісу облысындағы бақтардың 44%-дан астам алқабы, яғни 2,3 мың га Панфилов ауданында орналасқан. Мұнда алма, алмұрт, шабдалы, өрік, шие өсіріледі. Бұл туралы бүгін Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаевтың аудан тұрғындарымен кездесуінде айтылды.
— Бір мыңнан астам гектар бақ алқабы бар аса ірі бау-бақша шаруашылығы Панфилов ауданында орналасқан. Бүгінгі күні бұл шаруашылық жемісті өсіріп сатумен айналысып отыр. Сондықтан осы бау-бақша шаруашылығының әлеуетін ескеріп, өнім өңдеуді қолға алу керек. Ауданның климаты жылыжай шаруашылығын дамытуға қолайлы, әрі ыстық су көздері де бар. Бұл өнімнің өзіндік құнын төмендетіп, маусым аралығында халықтың көкөніске деген сұранысын қанағаттандыруға үлкен мүмкіндік береді, — деп атап өткен Б. Исабаев осы бағыттарға инвесторлар тарту жұмысын күйшейтуді тапсырды.
Атап өтсек, ауданда бақ өнімдерін сақтауға арналған сыйымдылығы 8,5 мың тонна 8 қойма бар. Сол сияқты аумағы 1 га жылыжай жұмыс істейді.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі