Жыл сайынғы дәстүр бойынша Тәуелсіздік күні қарсаңындаТалдықорған қаласының әкімі Дастан Шалтабаев Желтоқсан оқиғасына қатысқан бірқатар азаматтармен жүздесті. Шаһар басшысы алдымен  жиылған  қауымды егеменді еліміздің төл мерекесімен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.

Сондай-ақ, желтоқсандықтармен емен жарқын әңгімеде болған Дастан Тұрарбекұлы: «Биыл қазақ жастарының қайталанбас ерлігінің айғағы Желтоқсан оқиғасына 32 жыл толса,  еліміз Тәуелсіздік алғанына 27 жыл. Бұл — біз үшін аса қадірлі де қастерлі мереке. Себебі, егеменді ел болу ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы күресіп, аңсаған асқақ арманы болатын. Осы егемдік жолында ұлтымыз талай тарихи күрестерді бастан өткерді.  Сол  тарихи қозғалыстар бүгінгі еліміздің Тәуелсіздігіне жол ашты. Сондықтан, кешегі Желтоқсан оқиғасына қатысып, жанын қиған және басқа да барлық батыр азаматтардың есімі тарих парағына алтын әріптермен жазылғаны ақиқат »,  деді.

Еске сала кетейік, бүгінде Алматы облысы бойынша Желтоқсан оқиғасына қатысқан қыз-жігіттер саны 60-тан асады. Оның 25-і облыс орталығы Талдықорған қаласында тұрады. Олар қоғамның әр саласында елеулі еңбек етіп келеді.

Кездесу соңында қала әкімі желтоқсандықтарға зор денсаулық, баянды бақыт тілеп, арнайы құттықтау хаттармен қаржылай сыйақы табыс етті.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK