«Сардар» әскери-спорттық ойыны  батырлар ерлігіне арналды  

9

Талдықорған «Білім-инновация» лицей-интернатында батыр тұлға Рақымжан Қошқарбаевтың және армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың  туғанына 100 жыл толуына орай «Сардар» әскери-спорттық ойыны өтті. Бұл туралы Жетісу гарнизонының баспасөз қызметі хабарлайды.  

   «Сардар» әскери-спорттық ойынға 9-10-11 сынып оқушылары арасынан алты команда қатысты. Әскери-спорттық ойыны үш кезеңнен құралды. Бірінші АК-74 автоматын жартылай бөлшектеу және жинау, екінші пневматикалық мылтықтан дәлдікке ату және үшінші эстафета.

  Әскери-спорттық ойынының басты мақсаты – оқушыларды әскери тәртіпке баулып, дене шынықтыру және патриоттық рухты нығайту. Еліміздің батыр тұлғасы Рақымжан Қошқарбаевтың және Сағадат Нұрмағамбетовтың есімі қазақ халқының жүрегінде мәңгі сақталады және оның Отан алдындағы ерен еңбегі мен ерлігі жас ұрпаққа үлгі болып қала бермек.

  — Шара барысында лицей оқушылары батырлардың өмір жолымен танысып, оның ел үшін жасаған ерліктері туралы мағлұмат алды. Мұндай шаралар өскелең ұрпаққа батырдың даңқты жолын жалғастыруға, Отанды қорғауға деген ниетті оятуға бағытталған. Бүгінгі шара жастарға тек әскери дайындық емес, сондай-ақ, елге деген сүйіспеншілік пен жауапкершілік сезімін қалыптастыруға көмектесетін маңызды бастама болды, — деді алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің оқытушы — ұйымдастырушысы Дархан Байсалбаев.

 «Сардар» әскери-спорттық ойынына қаламыздың алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің оқытушы — ұйымдастырушыларынан төрешілер тағайындалды. Олар мектепке дейінгі шағын орталығы бар Ынтымақ ауылындағы №30 орта мектептен Шалқар Молдахметов, Дәнеш Ракышев атындағы қазақ мектеп интернатынан Айбек Бейсенбеков және Талдықорған аграрлық-технологиялық колледжінен Айдос Қауысов.

  Жарыс өте тартысты және қызықты өтті. Ойын қорытындысы бойынша 10-шы «А» сыныбы 1-ші орынға, 11-ші «А» сыныбы 2-ші орынға ал, 10-шы «Б» сыныбы 3-ші орынға ие болды. Жеңімпаз командаларға дипломдар мен бағалы сыйлықтар, сондай-ақ, спорттық ойында белсенділік танытқан командаларға ынталандыру сыйы салтанатты түрде табыс етілді.

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз