Ұрпақ тәрбиесі – әкеге міндет

110

Мағжан Жұмабаев атындағы №19 орта мектеп-гимназиясында «Менің әкем – жақсы адам» атты әкелермен кездесу өтті. Жиын барысында бала тәрбиесіндегі заманауи тенденциялар мен ұлттық құндылық, білім берудің тиімді жолдары, ата-ана, бала, мұғалім үштігі сынды тақырыптар талқыланды. 

«Әдеп-құқық жөніндегі ментор» жобасының менторы Бахтияр Уалиханұлы, мектеп басшысы Қарлығаш Замзина, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айгүл Қожекенова мен «Ұлағат»  әкелер кеңесінің төрағасы Нұхфулла Кимадил  бала тәрбиесі мен  тұлғалық қалыптасуда әкенің рөлі жөнінде атап айтты. Ұйымдастырушылар әкелер қауымының педагогикалық және психологиялық білімін жетілдіру, түрлі қоғамдық шараларда олардың белсенділігін арттыру, өнегелі ұрпақ тәрбиесіндегі басты жауапкершілік тікелей ата-анаға жүктелерін  түсіндіру мақсатында осындай жиын ұйымдастыру қажет екенін жеткізді. Сондай-ақ, арнайы шақырылған спикер Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің оқытушысы, «Мұра» зияткерлік мектебінің негізін қалаушы Алмас Тоқсанбай бірқатар өзекті мәселелерге тоқталды.

«Абайдың бала тәрбиесіндегі ең бірінші қағидасы балаңды емес өзіңді тәрбиеле дейді. «Өзің үлкен, қылығың — бала-шаға, Балаша мәз боп жүрсің тамашаға. Әкесі ұрысса балаға, ол да — достық, Баласы ұрысса әкеге, жараса ма?» Балаша мәз боп жүрсің тамашаға дегені дәл мына біздің қоғамға айтылғандай. Телефоннан ойын ойнап отырған баласына, телефоннан мәнсіз- мағынасыз дүниелер көріп отырған әке не деп ақыл айта алады? Қазақта әке көрген оқ жонар дейді. Әке айтқан демейді әке көрсеткен дейді. Балам үшін деп нан табу бір бөлек, балам үшін деп өзгеру бір бөлек. Абайдың бала тәрбиесіндегі екінші қағидасы балаңды жақсы дүниелерге қызықтыр дейді. Баланы ғылымға баулу әкеге міндет, Алланы танытпақ, өзін танытпақ, дүниені танытпақ парыз. Абайдың бала тәрбиесіндегі үшінші қағидасы балаңды бұзба дейді. «Балам закон білді деп қуанар ата-анасы, ойында жоқ олардың шариғатпен шаласы» дегені балаға дүние ілімін, ақша табу, манасапқа жетуді бергенмен адамгершілік, адамдық борыш білімін бірге бер деп өсиет етеді. Баланы өтірікші, екіжүзді болуға әуелі өзің бұзасың. Мысалы біз бүгін дастархан басында отырып алып, әкім жемқор, мұғалімдер білімсіз, анаған сенбе, мынаған сенбе десек, немесе Қазақстанның болашағы жоқ-ау деген әңгімені айтсақ, оны естіген жас жеткіншекте қайдағы отансүйгіштік,  қайдағы ұстазға құрмет, адамдарға мейірімділік пен сенім болсын. Сол үшін сөз мінезге, мінез тағдырыңа айналады деп бекер айтпаса керек»-деді тарихшы, Phd доктор Алмас Тоқсанбай.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз