Бүгін Талдықорған қаласында Қазақстанның Халық суретшісі Әбілхан Қастеевтің 120 жылдығына орай ескерткіші орнатылды. Мерейтойлық шараға Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев, мемлекет және қоғам қайраткерлері Мырзатай Жолдасбеков, Қуаныш Сұлтанов, Қазақстанның Халық жазушысы Бексұлтан Нұржекеев, көрнекті қылқалам шеберінің қызы Гүлдария Қастеева, Қазақстан Суретшілер одағының басқарма төрағасы Өмірбек Жұбаниязов және зиялы қауым өкілдері қатысты.
Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев — Жетісу – қашанда қасиетті өнердің киелі бесігі болған өлке. Осы өңірдің төл перзенттерінің бірі де бірегейі Әбілхан атамыз – қазақ халқының кәсіпқой көркемсурет өнерінің тұма бастауы, тұңғыш суретшісі. Ол сурет өнерінде қарапайым өмір философиясына, ұлттық дүниетанымға арқа сүйеді, сол арқылы туған халқының тарихы мен өмір салтын бейнелеп берді. Өмір қысқа болғанмен, өнер мәңгілік. Қанша ғасыр өтсе де, Әбілхан Қастеевтің есімі тарихта алтын әріптермен жазылып, суретшінің бай мұрасы елдің асыл қазынасы ретінде ұрпақтан ұрпаққа жете беретіні сөзсіз-деп суретші бейнесін жеткізу идеясының авторы Мырзатай Жолдасбековке, мүсіншілер Ринат Абенов пен Ербол Зиябековке ризашылығын білдірді. Бұдан әрі мерейтойлық жиын І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында «Тұғыры биік тау тұлға» атты республикалық конференциямен жалғасты.