Өткен сенбіде Ардагерлер саябағы нағыз спорт мерекесіне айналды. «Денсаулық- спорт кепілі» деп аталатын спартакиада өткізілді. Спорттық шараға Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл қатысып, жарыс қатысушыларына сәттілік тіледі.
-Қала көлемінде спорттың қай түрі болмасын даму үстінде. Бүгінгі «Мүгедектігі бар тұлғалар» мерекесі қарсаңында ерекше күтімді қажет ететін жандардың қатысуымен «Спорт — денсаулық кепілі» атты эстафеталық жарыс өткізіліп отыр. Қош келдіңіздер. Жарыс жолына шығып, бақ сынайтын спортшыларға сәттілік тілеймін,- деді шаһар басшысы.
Мүгедектер күніне орай арналған шарада үнемі қалада өтетін іс-шараларға белсенді қатысып жүрген азаматтарға Алғыс хаттар табыстады.
Бұл спорттық шарада әр қоғамдық бірлестіктің ән айтатын, би билейтін өнерпаздары концертін келушілер тамашалады.
Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Мәди Шәкеновтың айтуынша, бұл шараны өткізудегі басты мақсат – спортқа деген белсенділікті арттыру. Талдықорған қаласы бойынша қазіргі таңда 5 мыңнан аса мүгедектігі бар адам тұратын көрінеді.
Қатысушылар әртүрлі спорт түрлеріне, атап айтқанда, арбадағы мәнерлеп сырғанау,арбадағы жарыс, ядро, копье лақтыру, дартс, шахмат, тоғызқұмалақ,армрестлинг және балаларға арналған спорттық жарыс түрлерінен өзара бақ сынасты.
Осылайша, қатысушылар құрметіне концерттен бөлек, ыстық тамақ пен тәтті сусындар тарту етілді. Жалпы айтқанда, Талдықорған қаласында ерекше қажеттілігі бар балаларды иппотерапия әдісімен емдейтін ат спорты кешені жұмыс жасайды. Мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту орталықтары бар. Ал спортшылардың жетістіктерін айтар болсақ, таңдай қақтырады. Мүмкіндігі шектеулі жандардың спортпен және өнермен шұғылдануға деген ықыласы да, ерік –жігерлері айтарлықтай. Олардың арасында
тірек-қимыл жүйесі бұзылған және құлақ, көзі нашар көретін мүмікдігі шектеулі спортшылар арасында өтетін сайыстарда топ жарып жүргені қаншама. Халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері, ҚР еңбек сіңірген спорт шеберлері де бар. Спорттық шарада А.Манкеев, Әлібек Сәлімжан, Ұлан Каипов копье лақтырудан тамаша нәтиже көрсетті. Шарада белсенділік танытып, жүлделі орын алғандарға грамота мен бағалы сыйлықтар табысталды.
Гаухар Рақымқызы, ата-ана: -Менің балам Нұртас Ерболұлы арқа жон бұлшық еті ортопедиясымен ауырады. Алты айға толғанда бала қимылдап, еңбектеуі керек қой, ондай еш белгі байқалмады. Содан денсаулығында кінәрат бар ма шығар деген ниетпен дәрігерлерге көрсеттік. Алматыға апарғанда диагнозы анықталып, Астанадағы «Ана мен бала» орталығында емделдік. Емге деп халық қаржылай көмектесті. Содан Дубайға барып ем қабылдадық. Өздеріңізде ақпараттық демеу беріп, бала еміне атсалыстыңыздар. Қала әкімдігі, демеушілер көмектесті. Еңбектейтін халге жетіп, елге оралдық. Қазір өзі қозғалады. Бірақ әлі де оңалтуға барып жүрміз. Демеушілер көмегімен Ресейдегі оңалту орталығына бармақпыз. Жаңа осы жерде Нұртас ән айтты. Өзінің әнге деген қызығушылығы ерекше. Ол үйде үшінші баламыз. Үйірмелерге қатысады, мәселен, роботтық техника, қыш жасау өнері қызықтырады. Денсаулыққа судың да пайдасы зор, сондықтан бассейінге барып жүр. Жазылып кетсе деп тілеуін тілеп жүрміз.