Шәкiрттерiн бiлiм нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбиe беру, жақсы қасиeттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар берудe ұстaздың еңбегi зор. Сондықтан да олар әрдайым құрметті тұлға ретінде ерекшеленеді. Жылда жаңа оқу жылымен қатарлас келетін Ұстаздар күні де күздің үлесіне тиеді. Елімізде 5 қазан ұстаздар күні ретінде мерекелене бастады.
Ұлт көсемі, ғалым Ахмет Байтұрсынұлы : «Мектептің жаны мұғалім, мұғалім қандай болса, мектебі һәм сондай болмақшы, яғни мұғалім білімді болса, білген білімін басқаға үйрете білетін болса, ол мектептен балалар көбірек білім алып шықпақшы».
Сырттай қарапайым болғанымен, тарихтағы ұлы істі атқарып жүрген жұмыс – ұстаздыкі. Мейлі сіз ғалым болыңыз, жұлдыз , тіпті беделді азамат, президент болып кетсеңіз де сізді осы өмірге жетелеген, осы шыңға жетуге себепші болған ұстазды ұмытуға қақыңыз жоқ. Оның еңбегін сыйлау, оған құрмет көрсету – сол адамға деген сый-сияпат емес, сіздің тәрбиелі, тәлімді тұлға болғаныңыз. «Адамның адамшылдығы жақсы ұстаздан» деп Абай хакім айтпақшы, әрбір ісіңіз жеңіске жетіп жатса, оның артында ұстаздың бір тамшы болса да еңбегі барын есте сақтаңыз.
Жетісу өңірінде ұстаздар күні мерекесіне орай білім саласына қосқан үлесі мен кәсіби қызметіндегі ерекше жетістіктері үшін 1000-нан астам ұстаз марапатталды. Облыстық Б.Римова драма театрында облыс әкімі Бейбіт Исабаев облыстың педагогикалық қауымдастығын арнайы құттықтады.
Заманауи әдіс-тәсілдер мен технологияларды қолдануда жоғары жетістіктерімен, шығармашылығымен және табыстарымен көзге түскен бірқатар ұстаздардың есімі ерекше аталды. Сонымен қатар облыс басшысы білікті педагог кадрлар тапшылығы мәселесін шешуге баса назар аударды. Бүгінде облыста 21 мыңнан астам педагог еңбек етеді. Соның ішінде 3600-ден астам жас маман ауылдық жерлерде жұмыс істеуде.
«Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша облыста 1600-ге жуық педагог тұрғын үй алуға пайызсыз несие, 2900-ден астамы көтерме жәрдемақы алды.
– Ұлт болашағын қалыптастыру жолындағы орасан зор жауапкершілікті сезініп, жас ұрпақтың бойына білімге, өнерге, еңбекке деген сүйіспеншілікті оятып жатқаныңыз үшін сіздерге шын жүректен ризашылығымды білдіремін. Баршаңызға зор денсаулық , отбасыларыңызға бақ-береке, еңбекте табысты болуларыңызды тілеймін, – деді облыс басшысы.
Облыстық байқаулардың қорытындысы да жария етілді. «Үздік мектеп» Көксу ауданындағы Б. Құндабаева атындағы №1 орта мектеп аталды. «Үздік балабақша» аталымын Талдықорған қаласындағы №7 балабақша иеленсе, жылдың «Үздік сынып жетекшісі» аталымына М. Жұмабаев атындағы №19 орта мектеп-гимназиясының мұғалімі Бақыт Керімбекова қол жеткізді.
Облыстық «Жетісу ұстазы» байқауында М. Арын атындағы №24 мамандандырылған мектеп-лицейінің физика пәні мұғалімі Мәулет Қиса марапатталды.
Тағы да бірқатар ұлағат иелеріне «Ы. Алтынсарин», «Білім беру ісінің үздігі», «Еңбек ардагері» медальдарымен қатар, облыс әкімінің Құрмет грамоталары және Алғыс хаттары табысталды.