«Ақсу» спорт кешеніндегі күрес залына Жұмабек Қуанышбайұлының есімі берілді

571

Жұмабек Қуанышбайұлы – ақын –балуан, ҚР Білім беру ісінің үздігі, «Еңбек ардагері» төсбелгісінің иегері, Қазақ КСР спорт шебері, Қазақстан Журналистер және Жазушылар одағының мүшесі болған ұлағат иесі еді.

Жұмабек Қуанышбайұлы 1939 жылы 20 қазан күні өңіріміздің Ақсу ауданы, Көк-Өзек (Қаракөз) ауылында дүниеге келген. Балалық шағы мен жастық шағы Қаракөз ауылы мен Лепсі ауылында өтті. Лепсі орта мектебінен түлеп ұшып, Қазақ мемлекеттік дене тәрбиесі институтын «мұғалім-жаттықтырушы (тренер)» мамандығына түсіп, спорт шебері атағымен бітіріп шықты.
Институт қабырғасында жүріп қазақ күресінен Қазақ КСР-нің екі мәрте чемпионы, еркін күрестен Қазақ КСР-нің 4-ші жазғы студенттер спартакиадасының жүлдегері атанса, Тбилиси мен Ташкентте өткен халықаралық турнирлерде жеңіс тұғырынан көріне білді. Сонымен қатар еркін күрестің қадірін асырған Әбілсейіт Айханов сияқты әйгілі палуандармен қатарлас жаттыққаны тәжірибесі мен талантын ұштай түсті.

Ақсу ауданы мектептерінде мұғалім, аудандық спорт комитетінің төрағасы, содан кейін 25 жыл Ақсу аудандық спорт мектебінде еркін күрестен аға жаттықтырушы болып қызмет атқарады. Оның тәрбиелеген көптеген шәкірттері — спортшылары халықаралық, республикалық және облыстық жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері болып отырған.

Жақында  Жұмабек  ағаның туған жері  Ақсу ауылында  оны  еске алуға арналған шаралар ұйымдастырылды.  Мәселен,  «Ақсу» спорт кешенінде 2010-2011 жылы туған  жасөспірімдер арасында еркін күрестен   аудандық ашық турнир өтті.  Шараға ауыл тұрғындары,  ақын туыстары, сондай-ақ, жергілікті әкімдік атсалысты.  Жиын Ақсу ауданы әкімінің орынбасары Амандос Ақышұлы алғысөзімен басталды.

Ал, жарыс басталмас бұрын «Ақсу» спорт кешеніндегі күрес залына Ж.Қуанышбайұлының есімі берілді.  Шара одан әрі тартысқа толы белдесулермен жалғасын тапты. Жарысқа ауданның әр өңірінен 12 команда, 150-ге жуық спортшы қатысты. Ақсу жерін дүбірге бөлеген балғын балуандар кіл мықтыны анықтап, бозкілемнің шаңын қақты. Жауырынын жерге тигізгісі келмеген балуандар сайысы тартысқа толы болды. Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер мақтау қағаздарымен, медальдармен және сыйлықтармен марапатталды.

– Жұмабек  Қуанышбайұлы  дене шынықтыру және спорт саласын дамытуға көп жылғы еңбегі мен жас ұрпақты тәрбиелеп, олардың тұлға ретінде қалыптасуына қосқан үлесі өте зор.Еңбек жолы мен жеткен жетістіктері болашақ ұрпаққа үлгі-өнеге. Жарыстың мақсаты – жастарды спортқа, отаншылдыққа баулу, жазушы әрі спортшы ағамыздың ерліктерін насихаттай отырып, өскелең ұрпақтың ерік-жігерлерін күшейту. Сондықтан да бүгінгі өткізіліп отырған турнирдің маңызы өте зор. Біз ол кісінің ұрпағы ретінде еңбектің бағаланып жатқандығына қуаныштымыз,- дейді баласы Қайыржан Жұмабекұлы.

Айтар болсақ, Жұмабек Қуанышбайұлы  «Ақсу жырлап ағады», «Сұлулық саған ғашықпын», «Қыран қияға самғайды», «Тағдыр арнасы», «Аққу мүсін», «Тұғыр» жыр жинақтарының авторы.

1996 жылы Талдықорған қаласына көшіп келіп, Бақтыбай Жолбарысұлы атындағы орта мектеп-лицейде алғашқы әскери дайындық пәнінен мұғалім болды.Зейнеткерлікке де осы жерден шықты.  Ол кісі  2014 жылдың 12 ақпанында, 74 жасында дүниеден өтті.

 Өзінің саналы ғұмырын жас ұрпақ білімі мен тәрбиесіне арнады. Спорт пен салауатты өмір салтын насихаттады.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз