Жылу маусымына дайындық

271

Жетісу облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, өңірде 2024- 2025 жылдың жылыту маусымына әзірлік ерте көктемнен басталған. Бүгінде жылу-электр стансалары дайын, жылу желілері жөнделіп, тозғандары жаңасына ауыстырылды. Барлық жұмыс белгіленген мерзімге сай атқарылып келеді.  Бұл жұмыстармен танысу мақсатында өңірдің ақпараттық коммуникациялар қызметі  БАҚ өкілдерін шақырып, баспасөз–турын  ұйымдастырды.

Жалпы елімізде жылыту маусымы әлеуметтік инфрақұрылым үшін 1 қазанда, тұрғын үйлер үшін 15 қазанда басталатындығы белгілі. Бірақ әр өңір жылу беру мен тоқтатуды ауа райының өзгеруіне байланысты қолданады.  Жекежайда тұратын тұрғындар осы бастан отындарын түсіріп, қысқа қамдануда. Қазіргі таңда, қатты отынның бағасы әзірге қалыпты. Алыс аудандарға облыс орталығынан тасымалданатындықтан  біршама қымбатқа түсетіндігі де айтпаса да түсінікті. Сондықтан да Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарына жеткізу базасы жасалуда.

Ал 30 мыңнан аса тұрғыны бар Текелі қаласында 17 шақырымды құрайтын жылу жүйесі жобасы қолға алынған. «Алатау» шағын ауданында жұмыс қарқынды жүргізілуде.  Бұл аймақта «Риголит» ЖШС жоба жетекшісі И.Сафоновтың айтуынша,  объектіде 44 адам жұмыс жасауда. Бүгінде мұнда дәнекерлеу жұмыстары жалғасуда.

Текелі қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Жетпісбаев жылыту құбырларын ауыстыру, жөндеу жұмысы осыдан 2 жыл бұрын қолға алынғанын атап өтті.  Жылу жүйесі «Текеліжылуэнерго» ЖШС қарасты. Тұрғындардың игілігі үшін шағын аудандар жылу жүйелері ауыстырылып, қолданысқа беріліп жатыр.

 Ескелді ауданы Шымыр ауылындағы «Алматы -Талдықорған» газ магистралы 265 шақырымды құрайтын объект  қолданысқа 2017 жылы берілген. Бұл жердегі құрылғылар  аумақтағы  көгілдір газдың шығынын есептеуге бағытталған. Бірнеше арнайы қондырғылар орнатылған. Негізінен әр аумақта есептеу блоктары мен тораптары бар. Облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Айдос Бекетаевтың айтуынша, табиғи газдың қажеттілігін тиісті деңгейде ұстап тұрған  «Талдыкорган»  газ шығынын есептеу станциясы. Бұл станция Талдықорған,Текелі қалаларымен қоса жақын маңдағы ауданды көгілдір отынмен  қамтиды.  Мұнда жаңғырту жұмыстары жүргізіліп тұрады.

«Қысқа шанаңды жаз сайла»-дегендей,  Талдықорған қаласындағы «Талдықорғанжылусервис» КМК жылыту маусымына дайындық жөніндегі іс-шаралар жоспары шеңберінде жасап келеді. Айтар болсақ, жылу беру маусымы тоқталысымен  тозған жылу желілерін ауыстыру жүргізілді.  Ал «Басқуаттың»  қыс мезгіліне әзірлік барысы ойдағыдай.  Жылуға қажетті отын қоры 2 айға толықтырылды.  Күнделікті отын қажеттілігі 200 тонна болса, күн суытқан кезде 800 тонна дейін артатын көрінеді.

Жалпы Талдықорғанда 113 шақырым жылу жүйелері бар.  Бүгінде 800-ден аса көпқабатты тұрғын үй болса, оның 750-ге жуығы орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған.

120 адам жұмыс жасайтын кәсіпорынды газдандыру мәселесі кезең-кезеңмен 3 жылда  іске асырылмақшы.  «Басқуат» қазандығының басшысы Данияр Смағуловтың ойынша бұл жоба іске асса, экология жағынан да тиімді болар еді. Баршамызға белгілі, қалада жаңа құрылыс жұмыстары, тұрғын үйлер қолданысқа берілуде.  Егер де нысанды газға ауыстырса, өнімділік жақсарар еді.

Қазіргі таңда аймақта қысқа дайындық  жұмыстары уақтылы жасалуда. Жылу желілері жөнделіп, тозғандары жаңасына ауыстырылуда. Тұрғындар игілігі жолындағы істер қашанда өз уақытында жасалуы тиіс.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз