АЭС салуды қолдау жөніндегі Республикалық халықтық штаб мүшесі Амангелді Толамисов және Жетісу облыстық штаб мүшелері Жанат Оспанов, Александр Хильниченко Ескелді ауданындағы Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептің ұстаздарымен кездесті. Жиында штаб мүшелері АЭС салудың артықшылығына, бұл реттегі еліміздің экономикалық мүмкіндіктеріне тоқталды.
Спикер Амангелді Толамисов Қазақстан болашақта тек АЭС емес, баламалы энергия көздерін пайдалануға бет бұратынын жеткізді. Айтуынша, әлемде жаңартылатын энергия өндіруді 100 пайыз қолға алған мемлекет жоқ екен. Дамыған елдер энергетикалық мүмкіндігін АЭС-тен көріп отыр. Ал, Қазақстанда жаңартылатын энергияны игеруде өз технологиялық ерекшеліктері бар: олар күннің циклділігі, желдің жиілігі сында жағдайлар. Жыл мезгілдерінің де жағдайы ескерілуі керек. Көп жағдайда бұл жолмен энергия өндіру желдің соғуы мен күннің шығуы және батуына тікелей байланысты.
Қазір әлемде 415 атом электр стансысы жұмыс істеп тұр. Тағы 59 атом электр стансысы салынып жатыр. Егер елімізде құрылыс жұмыстары басталатын болса кемінде 7000 адам жұмысқа таратылып, жұмыс көздері ашылады. Ал атом электр станциясы іске қосылғанда 2000 адам тұрақты жұмыспен қамтылады деуге болады. Осы ретте айта кетейік, казіргі таңда елімізде — 46 күн, 59 жел электр станциясы жұмыс істеуде. Өкініштісі бұлар елдегі электр энергиясының тек 6 пайызын ғана өндіріп отыр. Ал атом электр стансысы осы олқылықтың орнын толтыратынына сенiм мол, – деді штаб мүшесі.
Жиын барысында штаб мүшесі атом электр станциясын салудың маңыздылығы мен артықшылықтарын кеңінен баяндап, АЭС төңірегінде туындаған негізсіз үрейлерді сейілтуге бағытталған маңызды ойларын ортаға салды. Жиынға қатысушылар да АЭС бойынша толғандырған сауалдарына тұщымды жауап алған соң ғасыр жобасын қолдайтындықтарын жеткізді.