Талдықорған қаласындағы «Ұлан» шағын ауданында жылдар бойы шешілмеген мәселе болған. Ол – ойын алаңдарының жоқтығы және жол мәселесі. Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев қала тұрғындарын осы түйткілді мәселелерді шешіп, алдағы жоспарымен таныстырды. Облыс басшысы өткен жылы Талдықорған қаласының тұрғындарымен кездесу ұйымдастырғанда тұрғындар осы түйткілді мәселелерді айтқан еді. Сол сәттен бастап шағын аудандағы 25 көпқабатты үйді түгел қамтитын 5 ауланы бірден абаттандыру бойынша кешенді жұмыс басталды. Аймақ басшысы тағы да шағын ауданға арнайы ат басын бұрды. Облыс басшысы тұрғындармен кездесіп, көпшілікке жұмыстың қалай атқарылатынын айтты.
– Ел Президенті атап көрсеткендей, азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру – біздің басым бағытымыздың бірі. Осыған байланысты мемлекет барлық қажетті шараны қабылдап, халық игілігі жолынды жүйелі жұмыс істеуде. Өткен жылы кездесуде тұрғындар маған «Ұлан» шағын ауданын абаттандыру мәселесімен жүгінген болатын. Осыдан кейін тексеру қорытындысы бойынша тұрғындардың жайлы тұруы мен балалардың қауіпсіздігі үшін барлық жағдайды жасау туралы шешім қабылданды. Қазіргі таңда ықшамауданда 5 аулаға жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бірақ біз мұнымен тоқтап қалмаймыз. Келесі жылы да қаланың бірқатар шағын ауданында осындай жұмыстарды жүргізуді жоспарлап отырмыз. Бұл ретте біз кешенді тәсілді қолданамыз. Жөндеу жұмыстары шатырларды, қасбеттерді, аулаларды, арық жүйелерін қамтиды. Осылайша бірте-бірте 2-3 жылдың ішінде қаланың барлық ескі шағын ауданын ретке келтіреміз. Осы мақсатта жалпы келер жылдан бастап коммуналдық шаруашылықты дамытуға қала бюджетін екі есе ұлғайтуды жоспарлап отырмыз, – деді облыс әкімі Бейбіт Исабаев.
Тұрғындармен кездесуде отставкадағы әскери қызметкер, аталған шағын ауданның тұрғыны Қайрат Қасымбаев өз әсерімен бөлісті.
– Мен мұнда 1999 жылдан бері тұрамын. Осы жылдар ішінде аулаға жөндеу жұмысы ешқашан жүргізілмеген. Қазір мұнда барлық жағдай жасалып жатыр. Жақсы ойын алаңы, жастарға арналған тренажерлар бар. Әйтпесе, сабақтан кейін балалар айналысатын ешқандай жер жоқ болған. Бәрінің заманауи үлгіде, жарқын әрі әдемі жасалғаны ұнайды. Асфальт, жарық, көгалдандыру жұмысы да көңілімізден шықты, – деді тұрғын.
Жоғарыдағы айтқан пікірмен келіскен Лариса Мордухова 30 жылдай «Ұлан» шағын ауданында тұрады. «Балаларға да, ересектерге де жағдай жасалғанына қуаныштымын. Қызықты ойын алаңдары әсіресе, балаларға жақсы болды. Мен осында өмір сүрген жылдар бойы мұндай жағдай ешқашан болған емес деп сеніммен айта аламын»,– деді ол.
Тағы бір жергілікті тұрғын жобаны жүзеге асырып жатқан құрылысшыларға ризашылығын білдіріп, тұрғындарды атқарылған жұмыстарға ұқыпты қарауға шақырды: «Осында тұрып жатқаныма 5 жыл болды. Жол да, аула да, ойын алаңы да болмады. Қазір бәрі істеп тұр. Қуанбасқа болмайды. Дегенмен мұның бәрін сақтап, бұзбай, күтіп ұстау брімізге байланысты» – деп түйіндеді ол.
«Ұлан» шағын ауданының ауласын абаттандыру жұмыстары қараша айының соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі