Бейбiт атомның пайдасы шаш етектен

240

Энергетика министрлігінің болжамдарына сүйенсек, электр энергиясын тұтыну жыл сайын 3 пайызға өсіп келеді.Оған қоса жұмыс істеп тұрған стансалардың 70 пайызы тозған. Мамандар 2035 жылға қарай елімізде электр энергиясын тұтыну 152,4 млрд кВт/сағ құрайтынын айтып, дабыл қағуда. Сондықтан да еліміздің энергетика саласын дамытуда атом электр стансасын салу – ең тиімді қабылданған шешім.

Президент «Ел өміріндегі әрбір маңызды қадам жұртшылықпен бірлесіп жасалуға тиіс. Атом электр стансасы туралы да референдумға қатысты да дәл солай болуы керек», дей келе, оны 6 қазанда өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Қазіргі таңда жалпыұлттық референдумның маңыздылығын ел арасында насихаттау үшін Қазақстан бойынша БАҚ, ғаламторда сайттар, әлеуметтік желілер арқылы түсініктемелер беріліп, арнайы топтар құрылып, штабтар күні-түні жұмыс істеуде. Оған қосымша Жетісу облыстық Қоғамдық даму басқармасының ұйымдастыруымен қоғам белсенділері, БАҚ өкілдері Алматыдағы ядролық физика институтына барып, ғалымдардан өздерін толғандырып жүрген сауалдарына жауап алды. Институттың базалық жұмыстарымен танысты. Осы аптада сапарлап барған БАҚ өкілдерін Ядролық физика институтының бас директорының орынбасары Евгений Ермаков қарсы алып, жалпы АЭС жайлы, оның пайдасы туралы ғылыми тұрғыдан жауап берді. Институттың атқарып отырған жұмысы жайлы айтты. Іргетасы 1957 жылы қаланған институт – ядролық физика мен радиациялық қатты дене физикасы саласындағы іргелі және қолданбалы ғылыми зертеулер жүргізіп, ядро-физикалық талдау әдістерін әзірлеуді, ядролық және радиациялық технологияларды әзірлеуді, өнеркәсіп және медицина үшін радиоизотопты өнімдерді өндіруді, атом энергиясын пайдалану саласында қызметтер көрсетуді жүзеге асырып келеді. Атом саласында қызмет атқаруға қажетті мамандарды еліміздің 4 жоғары оқу орындарымен келісімшарт арқылы дайындауға белсенді қатысады. Біздің тобымызды институттың ССР-Қ атом реакторы орналасқан эксперименттік алаңында қарсы алған бас инженердің орынбасары Жақсылық Тезекбаев оның жұмысымен егжей-тегжейлі таныстырды. ССР-Қ зерттеу реакторы – ядролық және термоядролық реакторларға арналған перспективалық материалдарды радиациялық сынау, медицина мен өнеркәсіп үшін радиоизотоптар алу, әртүрлі материалдардың элементтік құрамын нейтронды белсендіру арқылы талдау және обьектілердің ішкі құрылымын зерттеу үшін қолданылатынын атап өтті. Реактор уран 235 отынымен жұмыс істеуде. Жақсылық Тезекбаев төменгі байытылған уран изотопы арқылы қаншама заттар шығарылып отырғанына тоқталып, өндіріс үшін «піспеген» табиғи асыл тастарды тазалап, өңдеу, әртүрлі түске сәулелендіру арқылы шығарылған өнімдерді көрсетіп, қолымызға ұстауға да мүмкіндік берді. «Ядролық реакция жүру барысында реактор нейтрон шоғырын береді. Яғни, осының нәтижесінде заттарды радиациялық тұрғыдан байыта отырып, әртүрлі түске бояймыз. Одан медицина үшін фармацевтикалық дәрі-дәрмектер, атап айтқанда онкологиялық ауруларды емдеуге арналған радиоактивті йод шығарамыз. Радиофармпрепараттары еліміздің медициналық мекемелеріне тұрақты түрде жеткізіліп отырады. Оған шетелдік мамандар да қызығушылық танытып, әріптестік жандана түсуде» — дейді, Жақсылық Құлбайұлы.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз