АЭС салуды қолдау жөніндегі Жетісу облыстық Халықтық штаб мүшелері бірқатар нысанда және сауда орталықтарында тұрғындармен кездесіп, ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Іс-шара барысында Қазақстандағы атом энергетикасын дамыту перспективалары және алдағы 6 қазанда өтетін референдумда дұрыс шешім қабылдаудың маңызы талқыланды.
Үгіт-насихат кездесу барысында штаб мүшелері «АЭС салу – бір күннің мәселесі емес. Жобаны іске асыру бірнеше жыл уақытты алады. Қазіргі қолға алынып жатқан істер, ең алдымен, экономикасы дамыған, болашағы зор мемлекетте өмір сүру үшін жасалып жатыр. Сондықтан алдағы референдумда АЭС салуға қолдау көрсетіп, өз болашақтарыңыз үшін дұрыс таңдау жасауларыңыз қажет»-деп атап өтті. «Атом қуаты – адам игілігі. Қазір дамыған және дамушы елдерде 200-ге жуық атом электр стансасы жұмыс жасап тұр. Бұл ең алдымен энергетикалық тәуелділіктен құтқарады және жаңа жұмыс орындарының санын арттырады. Ел игілігі жолындағы батыл қадам бізде де іске асуы керек деп есептеймін», — деді кездесу барысында Халықтық штаб мүшесі Болат Сериев. Атом электр станциясы жобасы мыңдаған жұмыс орындарын ашып, станция орналасқан аймақта инфрақұрылымның дамуын ынталандырады. Атом энергетикасы ұзақ мерзімді перспективада электр энергиясының тұрақты бағасын қамтамасыз етеді. Бұл әсіресе өнеркәсіпті дамыту және Қазақстан экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін маңызды. Олжас Ибраимов, Қазақстан Халық партиясының Жетісу облыстық филиалы төрағасының міндетін атқарушы «Электр энергияның тұрақты және қолжетімді тарифтері өндірістегі тиімсіз үстеме шығындарды азайтуға ықпал етеді. АЭС салу елдің дамуына мультипликативтік әсер етеді. Техникалық жағынан меншікті отын базасының әлеуетін кешенді пайдалану, 60 жылдан астам уақыт бойы тұтынушыларды сенімді энергиямен қамтамасыз ету, экологиялық тұрғыдан парниктік газ шығындыларын жылына 10 млн тоннаға дейін азайту, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану сынды оң ықпалы болмақ».