АЭС салу бойынша референдум өткізудің күнтізбесі бекітілді. Кесте Орталық сайлау комиссиясының отырысында жарияланды.
Референдум президент жарлығы жарияланған күннен бастап, дауыс беруге дейін 25 күнге созылмақ. Бұл туралы ОСК төрағасының орынбасары Сергей Петров мәлімдеді. 12 қыркүйектен кешіктірмей жергілікті атқарушы органдар сайлау учаскелерінің шекаралары туралы ақпаратты БАҚ-та жариялайды. Ал референдумның өңірлік комиссиялары сайлау комиссияларының құрамы мен олардың қай жерде болатынын хабарлайды. Бұдан кейін жергілікті атқарушы органдар дауыс беруге 20 күн қалғанда, яғни 15 қыркүйекке дейін, сайлаушылар тізіміне әкімнің қолын қойдырады. Оны референдум учаскесіне тапсырып, электрондық нұсқасын жоғарғы комиссия мен ОСК-ға жолдауға тиіс. 26 қыркүйекке дейін учаскелік комиссиялар дауыс берушілер тізімін алғаннан соң азаматтарға дауыс беру орны мен уақыты туралы хабарлап бастайды. Қайда келу керек, не үшін дауыс беру керек, олардың сайлау учаскесі қай мекенжайда орналасқаны туралы ақпарат осы кезде айтылады. Дауыс беру бюллетеньдері дауыс беру күнінен үш күн бұрын және одан кешіктірмей жеткізіледі. 5 қазан – тыныштық күні. Үгіт-насихат жұмыстары дауыс беру күні алдындағы сағат 00:00-де аяқталады. 6 қазан – референдум күні. Дауыс беру 7:00-ден 20:00-ге дейін өтеді. Аумақтық комиссиялар дауыс берушілердің ыңғайлылығы үшін басқа уақытты белгілеуі мүмкін. Мысалы, вахталық әдіспен жұмыс істейтіндер үшін басқа уақыт белгіленуі мүмкін. Дауыс беруден кейін Дауыс беру аяқталғаннан кейін 12 сағат ішінде дауыстар саналады. Өңірлер орталық комиссияға дауыс беру нәтижелерін 2 күнде жинап, жеткізуі керек. Орталық комиссия референдумның нәтижелерін жеті күн ішінде бекітіп, ресми хабарламаны БАҚ-та жариялауға тиіс.