мүмкіндігі шектеулі азаматтар
дереккөз

Елбасы Нұрсұлтан Назар­­баев «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты ха­лық­­қа арнаған Жол­­дауында «Inclusive IT — әлеуметтік жобасы – бұл цифрлық технологияларды, бизнес ортаның жаңа сапасын дамытуды, сандық индустрия және IT саласының жетістіктерін қолдана отырып, адами капиталды перспективалық және өзекті моделін жүзеге  асыруды тапсырған болатын. Осы арқылы  мүгедек  адамдарды жұ­мыс­қа орна­лас­тыруға көмек­тесу­ге және олар­дың белсенді өмір сүруіне ық­пал  ету  керек екендігін атап көрсетті.

Бұл – шындығында, мемлекет, билік тарапынан жасалып жат­қан тағдыр талқысына түс­кен мүгедек жандарға деген зор қамқорлықтың көрінісі. Ресми мәліметтерге сүйенсек, қазіргі таңда Қазақстанда 600 мың­нан астам мүмкіндігі шек­теу­­лі адам тұрып жатыр, бұл жал­пы халық санының 3,5 пайы­зын құрайды. Олардың 400 мыңы еңбекке қабілетті. Десек те, мүмкіндігі шектеулі жан­­дар­дың аз бөлігі ғана жұ­мыс­­­пен қамтылып отыр. Жал­­пы мүгедектердің 69 мыңы бала­­лар екен. Әлбетте, олардың тағ­­дыры әртүрлі, біреулері туа біт­ті кемтар атанса, енді біреу­лері тағдырдың тәлкегін бастан кешіріп отырғандар.
Бұл орайда, Алматы облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен   алғаш рет үстіміздегі жылдың 1-тамызынан «Мүмкіндігі шектеулі адамдарды оқыту және жұмыспен қамту арқылы әлеуметтік оңалту» жобасы қолға алынған. Жоба аясында «Social IT. Жаңа білім –жаңа мүмкіндіктер»  әлеуметтік –білім курстары және «Inclusive IT» әлеуметтік жоба байқауы ұйымдастырылды. «Жаңа білім-жаңа мүмкіндіктер» білім курсы  негізінде  күні кеше 28 мүмкіндігі шектеулі азамат  3 айлық  курсты аяқтап шықты. Олар білім деңгейіне қарай  «Дербес компьютердің ілгерінді пайдаланушы және информатика негіздері» және «Дербес компьютерде бағдарламалау, графикалық дизайн» бойынша  оқыды. Курсты аяқтаған 12 адам  білім деңгейін байқататын тестілеу сынағын тапсырды.  Жақын күндері оның қорытындысы бойынша бітірушілерге сертификат беріледі.

  Курсты аяқтағандар қараша айында облыстық ішкі саясат басқармасының бастамасымен өтетін  «Inclusive IT» әлеуметтік жобасына қатысу мүмкіндігіне ие болды.  Ішкі саясат басқармасы мамандарының айтуынша, байқауға қатысушылар өздерінің әлеуметтік жобаларын ұсынады.  Жоба қорытындысында екі жеңімпаз анықталады. Жеңімпаздардың әрқайсысына тағайындалатын  шағын грант бар. Оның көлемі — 1млн. теңге. Бұл қаражат жеңімпаздың   қажетті құрал-жабдық алуына беріледі.

Жобаға қатысушылардың бірі, Ескелді ауданынан  Данияр Нұркежанов  білімін жетілдіру курсын ойдағыдай аяқтады.Тағдырдың салғанына мойымаған ол университетті  тәмамдаған. Данияр  робототехника бойынша жобаны қорғамақ.

Курс барысында бір-бірімен араласып, танысып үлгерген жобаға қатысушылар егер де, жобада грантқа қол жеткізетін болса,  адамдарды жұмыспен қамтымақ. Мәселен,  «Модульды картина» жұмысының авторы Иван Феллер шағын цех ашсам деп отыр.

Ал, Ерлан Кәкімжанов  ауылшаруашылығына бет бұрып, жылыжай жұмысын қолға алмақ ниетте. Олар мұндай әлеуметтік жобаның қажет екенін алға тартты. Себебі,  жоба барысында  жұмыс табылатындығы қуантады.  Оқыту әрі жоба қорғау жұмыстары өздеріне ұнапты. Сондықтан да, игі істің келесі жылы да  жалғасын табуына  тілек білдірді.

 

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK