Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе!

289

Ахмет Байтұрсынұлы 1913 жылы «Қазақ» газетінде жариялаған мақаласында Абай туралы «Одан асқан бұрынғы-соңды заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ» деп жазады. Абай мұрасы күллі адамзат баласына ортақ қазына. Ақынның шығармалары қашанда өзектілігін жоғалтпаған, жоғалтпақ та емес. Ой-тұжырымдары баршамызға рухани азық болары сөзсіз. Өнегелі сөздері мәңгілік өсиет ретінде бағаланады. «Абай мұрасы – біздің ұлт болып бірлесуімізге, ел болып дамуымызға жол ашатын қастерлі құндылық. Жалпы, өмірдің қай саласында да Абайдың ақылын алсақ, айтқанын істесек, ел ретінде еңселенеміз, мемлекет ретінде мұратқа жетеміз». Абайды тану — адамның өзін-өзі тануы. Ғұлама, ойшыл, ақын, ағартушы, ұлттың жаңа әдебиетінің негізін қалаушы, аудармашы, композитор ретінде ел тарихында өшпес із қалдырған кемеңгердің туған күніне орай Абай ұсынған «Толық адам» ілімін талқылау үшін зиялы қауым өкілдері мен жастар арасында кездесу өтті.

 

«Талдықорған қаласы ішкі саясат бөлімі» мемлекеттік мекемесі мен «Ұмтылыс Q» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен шараның мақсаты — ақын шығармаларын кеңінен насихаттау, жастардың сөз өнеріне, ұлттық руханиятқа ықыласын арттыру, Абай ойынан тағылым алу. Жиынға І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты, абайтанушы Сайлау Қожағұлов, Жетісу облысы ардагерлер ұйымының төрағасы Ермек Келемсейіт, Жетісу облысы қоғамдық кеңес төрағасы Ерғазы  Қошанбеков, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның құрметті журналисі  Нүсіпбай Әбдірахым,  Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген қайраткері Бақберген Асқарбеков қатысып, мәліметтермен бөлісті. Меймандар ой-тұжырымдарында «Адамзат баласына ортақ мәдениетті әрбір халықтың ой-пікірі, ақын-жазушы, ойшылдардың шығармашылығы түзетіні анық. Он тоғызыншы ғасырда өмірге келген данышпан Абайдың гуманистік-философиялық ой-толғамдары, таным көкжиегін кеңейтер  байламдары, шығармашылығы – ғасырлар мен ғасырлар арасын жалғаған, әлемге ортақ тұжырым түзген, мәдениетіміздің мәйегін танытқан асыл дүние. Хакім Абай – қазақтан шыққан әлемдік деңгейдегі кемеңгер. Ол күллі адамзат баласына ақыл-ойдың, парасаттылық пен ізгіліктің жемісін сыйлады.  Қара сөздері арқылы адамзат баласына ортақ мұраларды, құндылықтарды дәріптей отырып, рухани биікке ұмтылдырды.  Өнер-білім жолындағы ізденіс оны биікке шығарды. Абайдың қазақ әдебиетіндегі шоқтығы биік тұлға,  қайталанбас ұлы ойшыл, философ, ақын екендігі даусыз. «Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, өлмейтұғын артында сөз қалдырған»  деп ақын өзі жырлап кеткендей Абай есімі, ақын мұрасы, поэзиясы, шығармашылығы мәңгілік. Кемеңгер тұлғаның келешекке қалдырған алтын қазынасын дәріптеп, ақын атын мәңгі жүрегімізде сақтайық»-деп атап өтті.

 

Сайлау Қажыбекұлы, филология ғылымдарының кандидаты, абайтанушы: Абай мұрасының қай кезеңде де, қандай қоғамда да болмасын өзектілігі — «адам болам десеңізден» басталған адамдық қасиет, кісілік келбет, ұлттық ұстаным туралы ойларының,  «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүректі» алланы, адамды, әділетті сүйген,  моральдық, этикалық, имандылық, ізгілік мұраттарын сақтаған — кәміл адамды аңсаудан туған «толық адам» туралы тұжырымдарының негізінде. Күллі адамзат дамуының кезеңдерінде қандай тарихи, қоғамдық құрылыс болмасын  адамзаттың аңсағаны арманы мен мұраты да ізгілікті, рухани кемелді қоғам орнату талабы болып келеді. Абайдың ақындық мектебінің бастауында тұрған көне түркі әдебиеті мен шығыс әдебиеті, жыраулық поэзия мұраларын оқығанда ізгілікті, әділетті, теңдікті, бақытты ел болу идеясының басымдығы айқын көрінеді. Ел Президенті Қ.Тоқаев: «Біз елді, ұлтты Абайша сүюді үйренуіміз керек. Ұлы ақын ұлтының кемшілігін қатты сынаса да, тек бір ғана ойды – қазағын, халқын төрге жетелеуді мақсат тұтты.  Абайдың мол мұрасы қазақ ұлтының жаңа сапасын қалыптастыруға қызмет етеді. Оның шығармаларындағы ой-тұжырымдар әрбір жастың бойында халқына, елі мен жеріне деген патриоттық сезімді орнықтырады. Сондықтан хакім Абай еңбектерінің нәрін өскелең ұрпақтың санасына сіңіру және өмірлік азығына айналдыру – ұлтты жаңғыртуға жол ашатын маңызды қадамның бірі.  Абайды тану – адамның өзін-өзі тануы. Адамның өзін-өзі тануы,үнемі дамып отыруы, ғылымға, білімге басымдық беруі – кемелдіктің көрінісі» деді. Ұлттық идеологиясы қалыптасқан «Мәңгілік ел» болу мұраты бүгінгі күнде де маңызын жоймаған мәселе. Алдымызға қойған ұлы мақсатқа жетудің жолы — ұлтымыздың рухани байлығы мен салт дәстүрін құрмет тұтатын болашақтың тірегі, бүгінгі жастардың, жан-жақты білімі, кәсіпкерлік, интеллектуальдық қабілеті мен әділеттілік, имандылық қасиеттерінің  кемелденуі. Терең ойлы ақынның «Адам деген даңқым бар» деген тұжырымдамасы ұлтымыздың рухани кемелділік өзегіне айналған поэзиясы мен қарасөздерінде  терең талданып, күрмеуі тарқатыла түседі. Ақын шығармаларының басты тақырыбы — адам және адам болудың моральдық, этикалық, имандылық қағидалары. «Адам болам десеңізден» басталған адамдық қасиет, сипат, қалып, ұстаным туралы ойлары «ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстаған» «толық адам»  тұжырымдамасына негіз болған.  Абайдың поэзиясы мен қара сөздері пәлсапалық, этикалық, эстетикалық, психологиялық және педагогикалық ой-пікірлерге толы. Адам мінезіндегі орынсыз мақтан, ойсыздық,  салғырттық, күншілдік, көрсеқызарлық сияқты жаман әдеттердің ақыл мен ойды тоздыратынын айта келіп, естігенді есте сақтау, көргендіден үлгі-өнеге алу, жаман әдет-дағдыдан бойын аулақ ұстау, нәпсіні ақылға жеңдіру, ұстамды болу сияқты адамгершілік қасиеттерді рухани кемелділік өзегіне айналдырудың жолын да нұсқайды. Ақын жалаң үгітке бой ұрмай білімді, ғылымды игеруге бастайтын талаптың,  «білмекке құштарлықтың» кілтін де ұсынады. «Талапты ерге нұр жауар» деген халық  даналығына жүгініп, «талап қыл артық білуге, артық білім кітапта» екенін жастар санасына сіңіре түседі. Өзінің ізгі мүддесі тұрғысынан ақын адам болам деген әрбiр талапты жастың бойында адамшылықтың қaндай нәpi, iзгiлiктi сипаттары басым болу кepeктiгiн «Fылым таппай мақтанба» өлеңiнде дәйектеп берді.  Бұл өлең М. Әуезовтiң сөзiмен айтсақ: «Абайдың әcipece көп ой қорытып айтқан мағыналы және програмдык бiр өлеңі»  болатын-ды.

Абай поэзиясының өзегінде бүгінгі күнге дейін үзілмей келе жатқан алтын желі — рухани кемелділікке жетуде «толық адам» болу мұраттарының әдеби, пәлсапалық негізін жан-жақты байыптап, жастардың рухани әлемін байытудың құралына айналдыру  — уақыт талабынан туындап жатты. «Бес асыл істі» өсиеттеп,  «бес дұшпаннан» сақтандырып, көкөрім жасты тәрбиелеу,  жасөспірімді жеке тұлға ретінде қалыптастыру, адамды дұрыс жолға салу арқылы «заманды түзетпекке» бет бұрды. Қоғамда өзара жауапты болу идеясын: «Адам баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, оның өзінің замандастарының бәрі виноват»- деген тұжырымын ұсынды. Ұлы ақынның бүкіл шығармашылығының негізгі идеясы, үзілмес тақырыптық  арқауы – адам бойындағы асыл қасиеттерді уағыздаудан, «толық адам» деген атқа лайық болу жолындағы бағыт-бағдарынан туындаған айқын мақсаты, тілек-мұраты.

Абай поэзиясында да, поэмалары мен қара сөздерінде де адамның өмірдегі орнын, ролін, болмысы мен мінез құлқын психологиялық тұрғыдан  терең талдап, сын тезіне салып, дүниетанымы мен тәрбиесіндегі олқылықтардың себебі мен салдарының ақиқатын ашып, өсиеті мен ғибраты арқылы адамгершіліктің жүйелі жолын, өзіндік танымын жасай білген данышпан ақын. Ұлы гуманист-ақынның философиялық, психологиялық, педагогикалық,  эстетикалық тағылымдық мұраларының мәні мен маңызы бүгінгі таңда да өміршең, өзекті екендігін дәлелдейді. Әрбір ата-ананың да, баланың да жүрегіне жол таба білетін, Абайдың өлеңдерінің,  қарасөздерінің тәрбиелік мәнін терең ашып, оның бала тәрбиесінде таптырмас құрал екендігіне көзін жеткізетін, бала бойында Абай шығармаларына деген қызығушылықты  туғызатын да –ұстаздар.  Ұлы ойшылдың өлеңмен өрілген сыны мен көзқарасы, қарасөздеріндегі таным түсінік, пәлапалық ойларынан туындайтын ғибратты пайымдары ұрпаққа сабақ болар түйін тұжырымдары — өміршең өсиеттер.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз