Жетісулық шаруашылық тамшылатып суару технологиясының арқасында түрен тимеген жайылымдық жерді егістік алқапқа айналдырып, 275 гектар жерге қант қызылшасын өсіріп отыр. Келесі жылы қызылша алқабын 1 мың гектарға жеткізбек.
Алакөл ауданындағы «BOLAT Group LTD» ЖШС бұл жобаны шетелдік инвестормен бірігіп қолға алған. Серіктестік басшысы Болат Сейірбаевтың айтуынша, жаңа технологияның тиімділігі көп, яғни қолданылатын тыңайтқыш көлемі бес-алты есеге азаяды, есесіне мол өнім алуға мүмкіндік туады, ең бастысы су 8 есеге дейін үнемделеді, топырақ эррозиясының алдын алады, арамшөп өспейді, егістікке жұмыс күші көп қажет етілмейді.
— Биыл тамшылатып суару әдісін шаруашылықта алғаш рет қолданып отырмын. Бұл — өмірі соқа тимеген жайылымдық жер болған. Тамшылатып суару әдісін қолдану арқылы мұны егістік жерге айналдыра алдық. Алдымен арнайы мамандарды шақырып, жер асты суын тексерттім. Су қорының бар екеніне көз жеткізген соң бес ұңғыма қаздырдық. Электр желісін тарттық. Қазір 275 гектар жерді 4-ақ адам суғарып отыр. Келесі жылы қант қызылшасының көлемін 1 мың гектарға жеткізсем деген ойым бар, — дейді «BOLAT Group LTD» ЖШС басшысы Болат Сейірбаев.
Шаруашылық биыл алқап аумағындағы жұмысшылар үшін арнайы ғимарат салып, жатын орнына дейін ыңғайластырған. Алдағы уақытта ғимаратқа интернет жүйесін тартып, заманауи компьютермен суару жүйесін енгізуді жоспарлап отыр.
Мемлекет басшысының су үнемдейтін озық технологияны енгізуді жылдамдату туралы тапсырмасына сәйкес Жетісу облысында әр ауылдық округтер бөлінісінде 2024-2030 жылдарға арналған Мастер-Жоспар әзірленген. Мәселен, өткен жылы су өңірде үнемдеу технологиясын қолдану 9,3 мың гектарды құраса, биыл 31,2 мың гектарға жеткізу жоспарланған, соның 7,5 мың га тамшылатып, 23,7 мың га жаңбырлатып суару жүйесі болмақ. Ал осы жылдың басынан 42 шаруашылық 7 мың гектарға жуық жерде су үнемдеу технологияларын орнатты.
Еске салсақ, қант қызылшасы – Жетісу облысында басымдық берілетін дақыл түрі. Қазір өңірде Ақсу және Көксу – екі қант зауыты жұмыс істейді.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі