«Таза қала өзіңнен басталады» дегендей, қала бәрімізге ортақ болғандықтан, қала тазалығы бәріміз үшін маңызды. Сондықтан тазалық мәселесінде алдымен әрбір тұрғын өзі тұрған жердің тазалығына мән берсе, тазалық сақталады. Сонда барып аула тазарады. Ал ауланың тазалығы — қаланың тазалығы, қаланың тазалығы- сананың тазалығы.
Облыс орталығы Талдықорған қаласы әсем де сәнді. Көрікті қаланың ажарына, тазалығына өз тұрғындары жауапты. Үстіміздегі жылдың 10 шілдесінде «Таза Қазақстан» акциясы аясында Талдықорған қаласының әкімдігі «Үздік аула» байқауын жариялады. Ол азаматтардың белсенді өмірлік ұстанымын, азаматтық жауапкершілігін, қоғамдық өмірге қатысуға дапйындығын қалыптастыру мақсатын көздейді.Бұл байқауға кондоминиум объектісін басқарушылар мен көпқабатты үйдің тұрғындары қатысады, жеңімпаздар дауыс беру арқылы анықталады. Бүгінгі таңда қаламыздың тұрғындары осы шараға белсенді атсалысуда.
Қаламыздағы «Ғарышкер» шағын ауданы 31 мен 33 үйдің тұрғындары Нұртай Шынқожанованы жақсы таниды. Оның үстіне ол аталмыш ауданның ардагерлері ұйымының төрайымы. Бұл ауданға барсаңыз, үйдің алды ғана емес, сырт жағы да гүлге оранып, жеміс ағаштарына толып тұр. Нұртай апаның отбасымен қалаға көшіп келгеніне 12 жыл болыпты.
«Сарқан ауданында туып-өстім. Қойлық ауылында ұзақ жыл мұғалім болдым. Жолдасым екеуіміз үш бала өсіріп, тәрбиеледік. Эльмира мен Қайрат- білім саласында, Гүлмира халықтың денсаулығы күзетінде қызмет жасап жүр. Шүкір деймін немерелер өсіп келеді. Ауылда бау-бақша өсіріп, мал өсірдік. Әкем Уәли ауылшаруашылығында жұмыс жасап, «Еңбек ері» атанған адам. Отбасымызда біздерді еңбекке баулыды. Ол кездерде оқушылар қара күзге дейін жиын-терім жұмыстарында жүретін. Сонда шаршаудың не екенін білмеппіз. Сол еңбекқорлық қай жасқа келсеңде бойыңа сіңіріліп қалады екен,»- дейді Гүл апа атанған кейіпкеріміз.
Жұмақ бақтың иесі Нұртай апа өз еңбегінің арқасында үлкенге де, кішіге де сыйлы. Бұған бізге қарсы жолыққан көршісі Меруерт Нұғуманованың сөзі дәлел. «Апамызды бұл аймақта бәрі таниды. Мен 1996 жылдан бері осы үйде тұрамын. Аулада ешнәрсе жоқ болатын. Әркім өзімен – өзі жұмысқа кетеді, келеді. Содан осы апа көшіп келіп, ауламыз гүлдей жайнады. Ал, Нұртай апаны таңсәріден осы жерден жолықтырасыз. Өзі еккен жеміс ағаштары мен әдемі гүлдерді баптап қарап, суғарып, арамшөбін жұлып жүреді. Менің үш балапаным бар, солар тәрізді балақайлар апаның жанынан үйіріліп шықпайды. Кішкентай шелекпен, болмаса құмыраға су құйып алып, гүлдерді суаруға көмектеседі. Оларына өздері дән риза, ал апа балаларға кәмпит, тәттілер таратады. Мектептердің алдын гүлмен көмкеруге апамыз өз көмегін беріп келеді. Өткен жылы гүл тұқымы мен ағаш көшеттерін шәкірттеріме берген еді. Сол гүлдер мектеп ауласына көрік беріп тұр. Балалар өздері жаз шыға оларды қарайды. Апа біздерге ісімен үлгі болуда»,- дейді.
Кенжехан Рақыш, көршісі: — Мен бұл кісінің еңбегін бағалап, «Бағбан әйел» деген өлең арнадым.
«Біздің аула гүлбағымен нұрланды,
Алау гүлдер таңсәріден бүр жарды,
Қызылы бар, аппағы бар, сарысы,
Көзді ұялтып, күлімсіреп тұр бәрі.
Гүлге оранған бағбан әйел Нұртайды,
Бүкіл тұрғын пейілдене құптайды.
Ертелі-кеш гүлзарларды суарып,
Өзі-дағы сол гүлдерге ұқсайды.
Өскіндермен безендіріп ауланы,
Тыным таппай айналаны барлады.
Бойлап өсті отырғызған көшеттер,
Үйіміздің жасыл желек жан-жағы.»
Галина Кольская, тұрғын:- Нұртай Уәлиқызымен осы аулада таныстым. Көшеттерді суарып, гүлдерді баптап жүрген кезде. Ауладағы гүлдерге сән беріп тұрған жеңіл көлік доңғалақтарын тауып әкеп, оның айналасын бірдей етіп, кесудің өзі оңай болмады. Ер адамның қолынан келер шаруаны бір өзі жасап жатқанын көріп, көмекке ұмтылғаным есімде. Одан кейін оны сырлап қойдық. Кей кезде жақсы гүл тұқымын көріп қалса, базардан өз зейнетақысына алып келіп, егеді. Ол жасыл желектің түр-түрін ерінбей егіп, баптайды. Жеңістің мерейтойына арнап мамыргүл ( сирень) аллеясын жасап қойды. Былтыр ағаш 78 болса, биыл 79 түп болды. Келер жылы Жеңістің 80 жылдығына 80-ге жеткізеді. Оның астыңғы жағына ирис гүлі егілген. Апаларыңның «Жұмақ гүл» деген теңеу аты бар.
Мұндай өз ісіне жауапты, еңбекқор жанмен көрші болғаныма қуанамын. Үйренеріміз көп.
Омар, 5жаста:- Дос апа гүл өсіреді. Біз оған суғаруға көмектесеміз. Мына өсіп тұрған қарақатты жаз бойы жинаймыз. Оны апа өзімізге береді, аналарыңа апарып беріңдер дейді. Еңбегімізге кәмпит береді. Оны достарыммен бөлісіп жейміз.
Даниал, 5 жаста: — Қазір ата-анамыз демалыста үйде болғандықтан, балалар да аулаға көбірек шығамыз. Ойнаймыз, арасында Нұртай апаға көмектесеміз. Аулада біздер тәрізді жиырма шақты бала бар. Қызыл-сары гүлдерге су құйған ұнайды. Аналарымыз апаға көмектесіп жүргенімізді көріп, қуанады.
Нұртай Уәлиқызы кезінде Бейсен Құранбек жүргізетін тәрбиелік-танымдық бағдарламаларға жиі шақырылады екен. Білім саласының майталманы тәрбиелік, ойлы ойларымен талай рет көгілдір экраннан көрініпті. Танымал журналист қайтыс болғанда бұрынғы өсіп тұрған қарақат шыбықтарын бөліп, 49 түп етіп отырғызған екен. Жыл сайын бұтақтар көбейіп, үйдің алды мен кіреберісінде жағалай өсіп тұр. Өсіп тұрған қарақатты жинап, көршілерге, одан қалды 5 келіге жеткізіп, көпбалалы, көмекке мұқтаж 10 отбасыға таратуды он жылдың көлемінде дәстүрге айналдырған. Мектепте жүргенде арнайы жылыжай болатын. Жаз бойына балалар жеміс-жидекті келіп қарайды, суғарады. Бұл білім ордасы үшін қосымша табыс көзі болды. Өнімді мектеп жәрмеңкесінде өткізіп, демеушілік көмекке жұмсайтын кездер де болыпты.
Ал бұл еңбекті қалаға келгенде жалғастырған Нұртай Уәлиқызының бақшасында 150 түп жеміс ағашы мен мыңдаған көздің жауын алар гүлдер өсірілуде. Сол үшін де үлкені бар, кішісі бар апамызға келіп, рақмет айтудан жалықпайды. Бірақ та, бір « әттеген-ай» бар. Гүл суаруға арық суы жоқ. Суды шелектеп арғы жақтағы есту қабілеті нашар еститін мектеп-интернат жақтағы арықтан таситын көрінеді. Бұл мәселені айтып қалалық тұрғын үй-шаруашылық бөліміне де барған, арық суын тартуға уәде берген.
«Ғарышкер» ардагерлер бөлімшесінің төрайымы ретіндегі жұмысы да ауыз толтырып айтарлықтай. Қарттар күнінде қарттарға қамқорлық жасалады. Қайырымдылық тамағы мейрамханада беріледі. Наурызда барлығы бірлесіп, аулада ет пісіріліп, әркім өз үйінен тамақ әзірлеп, наурызкөже ішу әдетке айналған. Ал, 8-наурызға әйелдердің халықаралық күнінде ардагер апалар құрметтеледі. Олар үшін тегін монша жағылады. Одан кейін дастарқанда бір шәугім шәй ішіледі. Шараларда апамыздың көздің жауын алар көрпелері төселеді. Көрпе құрау апаның хоббиі. Неше түрлі гүлдермен өрнектелген көрпешелері қолөнер байқауларына қойылады. Қолөнершінің еңбегі бағаланып, марапатқа ие болды.
Галина Максимовна Нұртай апаның «Үлгілі аула» байқауына қатысатындығын естіп қуанып тұрғанын жасырмады. Алайда, «Осы конкурста «Үздік аула қараушы, «Үздік бақ өсіруші» тәрізді жеке номинациялар болса дұрыс болар еді» деген пікірін де білдірді.
Әрине, қашанда, адам мен табиғат арасындағы байланыс тіршіліктің тамырына қан жүгіртеді. Мемлекет тарапынан да қоршаған ортаға деген қамқорлық аясы кеңейе түсуде. Сондықтан да, «Ата-баба дәстүрі – ұрпаққа аманат» атты қалалық ардагерлер кеңесінің әр өткізген шарасының маңызы зор. Мектеп мен оқу орындарында өтетін іс-шараның тақырыбы бар. Танымдық-тәрбиелік мәселелерді қозғайды. Мектептерде ұйымдастырылатын экологияға қатысты шараларда Нұртай Уәлиқызы үнемі әр азамат өз туған өлкесін көркейтіп, табиғатын аялауға атсалысуы керек екенін айтып отырады. Ал, қаланы көркейту ісінде бұл кісі үлгі. Оны өз ісімен дәлелдеген. Олай дейтініміз, қалада 27 мектеп болса, барлығына апа жеміс ағаштарының көшеті мен гүл тұқымдарын сыйға тартқан. Мұның сыртында көшет алғысы келіп сұрайтындарға да үлестіреді.
Осылайша, табиғатқа деген шынайы көзқарас оның тазалығын сақтау, барды қадірлеу, құрметтеуге өз үлесін қосуда.
Нұртай Уәлиқызының өзіндік ұстанымы бар. “Жер-ана – асыраушымыз. Оған адал еңбек етіп, тер төккенде ғана оның қайтарымы болады. “Артыңда мал қалғанша, тал қалсын” деп бекер айтылмаған. Жетісудың кіндік қаласы – Талдықорған жасыл желекті шаһар. Жастарға айтары- қаламыз Швецариядан кем емес, жұмаққа айналдыру өз қолымызда»,- деді ол. «Үлгілі аула» байқауына қатысушы Нұртай Уәлиқызына сәттілік тіледік. Жасап жатқан еңбегіңіз бағалансын. «Еңбек ердің атын шығарады» деген жақсы тәмсіл бар. Адал еңбек, тәлім-тәрбие жас ұрпаққа үлгі. Сүйікті қаламыздың көркеюіне баршамыз үлес қоса берейік!