Жетісулық медицина ұйымдарына 29 санитарлық автокөлік берілді

210

Бүгін Талдықорған қаласында Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев өңірдегі 12 медицина ұйымына 29 санитарлық автокөлік кілттерін табыстады, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

— Халықтың денсаулығын сақтау, медициналық қызметті дер кезінде көрсетуге жағдай жасау, оның қолжетімділігі мен сапасын арттыру – біздің басты міндеттеріміздің бірі. Бүгін өңірлердегі медицина мекемелеріне санитарлық автокөліктердің кілтін тапсырамыз. Былтыр да 29 жедел жәрдем көлігін мекемелерге берген едік. Алғашқы медициналық көмектің сапасын арттыруға қолдау көрсетуді бұдан әрі де жалғастыратын боламыз. Материалдық базаны нығайту науқастарға сапалы әрі уақытылы медициналық қызмет көрсетуді одан әрі жақсарта түседі деп сенемін, — деді Б. Исабаев Талдықорғандағы Орталық алаңда санитарлық автокөліктерді тапсыру салтанатында.

Жаңа автокөліктер Ақсу, Алакөл, Ескелді, Кербұлақ, Көксу, Панфилов, Сарқан, Қаратал аудандық орталық ауруханаларына, соның ішінде ауылдық медициналық мекемелерге, Талдықорған қалалық емханасына, Талдықорған қалалық көпсалалы ауруханасына, облыстық көпсалалы клиника мен облыстық фтизиопульмонологиялық орталыққа берілді.

Атап өтсек, осы жылы 94 медициналық нысан іске қосылады, оның 59-ы «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық жобасы шеңберінде берілсе, алғашқы медициналық-санитарлық көмек желісін кеңейту үшін ауылдық жерлерде 27 блокты-модулді нысан тұрғызылады. Облыс әкімдігі, Денсаулық сақтау министрлігі және «KazakhMys» компаниясы арасында жасалған үш жақты меморандумға сәйкес облыс орталығында жаңа заманауи онкологиялық орталық салынады деп күтілуде, құрылыс жұмыстары алдағы екі жылда бітеді деп жоспарланған.

Шалғай ауылдарға дәрігерлік қызметке келген мамандарды қолдау үшін республикада алғашқы болып оларға 10 млн. теңге көлемінде, қалалық жерге келгендер үшін 5 млн. теңге көлемінде бір реттік көтермеақы беру басталды. Бүгінге дейін Алакөл, Сарқан аудандары мен Талдықорған қаласына келген 5 маман көтермеақы алып үлгерді.

 

 Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотосуреттердің авторы: Дмитрий Ерофеев

Қызмет бағыты

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз