ҚР Парламенті Сенатының депутаты Амангелді Толамисов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжанов, сондай-ақ «Аманат» партиясының облыстық филиалының төрағасы Арыстанғали Арын Балқаш көлінің жағалауына дейінгі жолдарды қайта жаңарту жұмыстарының барысымен танысты. Алматы — Өскемен — Лепсі — Ақтоғай тас жолының учаскесіне атбасын тіреп, мердігер компания «Жол» ЖШС өкілідермен кездесті. Компанияның жауапты өкілі атқарылып жатқан жұмыстар жайлы баяндады,-деп хабарлайды басқа ақпараткөздеріне сілтеме жасап taldykorgan-online.kz.
Жолды қайта жаңғырту 2021 жылдан 2025 жылға дейінгі кезеңге жоспарланған. Бүгінде мұндағы жол-құрылыс жұмыстарына 120 адам жұмылдырылған, жұмыстар кесте бойынша жүргізілуде.
— Бәрі жоспар бойынша кестеге сай жүріп жатқанын көріп отырмыз. Жасалған жұмыстардың сапасы көз қуантады. Бұл жолдың өңіріміз үшін, әсіресе облысымызда туризмді дамыту үшін стратегиялық мәні зор. Сондықтан жұмыстың мерзімінде, сапалы атқарылуы да өте маңызды, — деп атап өтті Арыстанғали Арын.
Депутаттар мен партиялықтар Ақсу ауданының Матай ауылына және ондағы теміржол станциясына барып, жергілікті тұрғындармен кездесті. Кездесу барысында елді мекеннің күн тәртібіндегі мәселелері талқылады. Бұдан кейін тепловоздар жөнделетін «LOCO-CENTER» кәсіпорнының базасын аралап көрді. Станцияда 160 адам жұмыс істейді.
— Жаңа жолдар салумен қатар, қолданыстағы инфрақұрылымды қолдап, тиісті қызмет көрсетуіне жағдай жасауымыз керек. Біз тұрғындар айтқан мәселелерді шешудің мүмкіндіктерін қарастырамыз, — деп атап өтті Амангелді Толамисов.